Қарағандыда ғылыми-технологиялық сессия өтіп жатыр

Қарағандыда ғылыми-технологиялық сессия өтіп жатыр
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында «Заманауи сілтілеу әдістері және оларды Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінде қолдану перспективалары» атты ғылыми-технологиялық сессия басталды. Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылып, гидрометаллургия саласындағы озық технологияларды талқылауға жетекші ғалымдарды, сарапшыларды және өнеркәсіп өкілдерін жинады.

Бағдарлама аясында пленарлық отырыстар, қазақстандық және шетелдік мамандардың баяндамалары, сондай-ақ инновациялық шешімдерді іздеуге бағытталған пікірталастар ұйымдастырылды. Сессия барысында мыс кендерін жерасты және жерүсті сілтілеу тәсілдерінің келешегі, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері және оларды өндіріске енгізу жолдары қарастырылды. Ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығына ерекше көңіл бөлінді.

Сессия жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты. Министр ғылыми-технологиялық сессиялар ғылым мен өнеркәсіптің өзара әрекеттесуінің жаңа форматы екенін атап өтті.

– Бүгін Қарағандыда өте маңызды оқиға, ірі кәсіпорындармен серіктестікте өткізетін сегізінші ғылыми-технологиялық сессия өтуде. Бізде ғылымды қаржыландыру және жалпы Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясатын іске асыру моделі толығымен өзгеруде. Енді біздің ғалымдар, ҒЗИ мен жоғары оқу орындарының өкілдері ірі кәсіпорынға барады. Басты мақсат – өндірістің нақты проблемаларын анықтау. Бұл сессиялар не үшін маңызды, біз ғылым мен өнеркәсіптің өзара әрекеттесуінің жаңа форматын бастадық. Өндіріс, ірі корпорациялар Қазақстандағы ғылымның тиімділігіне сенді. Бізде жақсы мысалдар бар. Біздің мақсатымыз – нақты ірі өндірістік компанияларды жаңа технологиялық деңгейге шығару, олардың ғылым мен өндіріс саласындағы экономикаға қосқан үлесін арттыру, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Хакатон аясында өндірістік процестерге енгізілген ғылыми жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.

Екі күн ішінде қатысушылар өздерінің ғылыми баяндамаларын ұсынып, заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісіп, қолданбалы зерттеулерге негізделген шешімдер әзірлейді.

Ғылыми-технологиялық сессияның қорытындысында хакатон бағыттары бойынша прототиптер мен жобалық шешімдер таныстырылады.

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі