Оқушылар лудоманияның құрығына қалай түспеу керектігін үйрететін жоба ойлап тапты
Астаналық оқушылар зиянды әдеттерге қарсы. Тіпті қоғамның жегі құртына айналған дерттердің зардабын түсіндіретін жобалар жасап, жарысып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Қазір мен Астанадағы Білім-инновация лицейіндемін. Мұнда балалар қоғам дертіне айналған әдеттердің зияны туралы жобалар қорғап жатыр. мына жерде оқушылар лудоманияның құрығына қалай түспеу керегін үйретеді екен.
Бекарыс Нұрхан, 7-сынып оқушысы:
- Біздің тақырыбымыздың аты – лудомания. Біз қазір сізге бір кәмпит береміз. Қазір шарик саламыз. Сіз қай стаканда шарик салынғанын тауып алу керексіз. Мұқият қараңыз. Тағы ойнағыңыз келе ме? Көрдіңіз бе, сіз азартқа кіріп кеттіңіз.
Балалар осындай қарапайым әдіспен оңай олжаға тез елітіп әкетуге болатынын көрсеткен. «Ондай арбауға түспеу үшін ақылға салу жеткілікті», - дейді олар. Білім-инновация лицейлері бұл бастаманы Мемлекет басшысының жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету идеясын қолдау мақсатында жүзеге асырып отыр. «Қоғамға қауіпті бес кесел» жобасы арқылы оқушыларды жаман әдеттерден қорғауға бағытталған.
Ержан Әубәкіров, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті:
- Балалар өздерінің жоба арқылы жалпы осы бес кеселге қарсы күреске, қарсы көзқарастарын көрсетті. Әртүрлі жобалар бар. Кейбір балалар теориялық тұрғыда, кейбіреу практикалық тұрғыда жасаған. Бірақ бұлардың барлығы нені беріп тұр? Балалар жалпы бұл оқушы ғой. Оқушылар әрдайым мұндай індеттерге келу мүмкіндіктері бар. Сол себепті осындай зерттеу арқылы оларда қарсы бір иммунитет қалыптасады деп сенеміз.
Аталған жоба алдағы жылдары да жалғасын таппақ. Осылайша, жас ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп, тәрбие беру көзделген.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов