Алматыда 45 жыл бұрын салынған мектеп алғаш рет күрделі жөндеуден өтеді

Алматыдағы №30 мектеп-гимназия жөндеуге жабылады. Білім ошағы осыдан  45 жыл бұрын салынған. Содан бері ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілмеген.  

Қазір онда мыңнан астам бала білім алып жатыр. Оқушылар осы тоқсанды аяқтаған соң басқа мектептерге ауыстырылады. Қалалық білім басқармасы келесі жаңа оқу жылына гимназия дайын болуы үшін осындай шешім қабылдаған. Қазір балаларды тасымалдау мәселесі қаралып жатыр. Қажет болған жағдайда автобустар бөлінеді. Оқушылар 4 мектепке бөлініп оқиды. 

Құрылыс жұмыстары наурыз айының соңында басталады. Оның  жалпы құны 5,3 млрд теңге. Бұл қаражатқа ғимарат түгелдей жаңартылады. Оған қоса инфрақұрылым мен инженерлік желісі ауыстырылады. Мектеп толығымен заманауи технологиямен жабдықталады.

Есбол Әбділдабекұлы, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Құрылыстың ұзақтығы 17 ай, өйткені толыққанды жұмыс жасап өтетін болғандықтан, 17 айға дейін созылады. Мектепті ертерек босатпасақ, келесі оқу жылына келген кезде оқу басталу процесіне кедергі келтіреді. Сондықтан біз алдын ала босатып, мектепті жалпы құрылысқа беруіміз керек.