Ақмола облысында екі мектеп ашылды

Ақмола облысында жыл басынан бері екі мектеп ашылды, деп хабарлайды 24KZ. 80 орынға арналған білім ошақтарының бірі Біржан сал ауданында, екіншісі Сандықтау ауданында бой көтерді. Айталық, бұл мектептердің құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ қос білім ошағына жауапты бір мердігер құрылысты 4 жылға созып, тек осы жылы тапсырды.

Сандықтау ауданына қарасты Петровка ауылының оқушылары үшінші тоқсанды жаңа мектепте бастады. Шәкірттердің қуанышында шек жоқ. Себебі жаңа нысанда олар үшін барлық жағдай жасалған. Қазір мұнда 58 оқушы білім алады.

Руслан Гусейнов, оқушы:

- Жаңа мектепте маған барлығы ұнайды. Әр сыныпта осындай жаңа парталар мен интерактивті тақталар орнатылған. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймыз.

Ал осыған дейін оқушылар бір қабатты осы ғимаратта білім алды. Ескі мектеп апатты деп танылған. Сынып бөлмелері де жетіспейтін. Сондықтан мектеп қызметкерлері де жаңа оқу ордасының ашылуын асыға күткен.

Сергей Ганин, мектеп директоры:

- Әрине, бізге салыстыратын нәрсе бар. Өйткені біз осыған дейін ескі мектепте оқыдық қой. Ал мұнда бәрі басқаша. Жаңа модификациялық сыныптар бар. Бұл оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Тек балаларды емес, мұғалімдерді де ынталандырары сөзсіз.

Дәл осындай жаңа мектеп Біржан сал ауданына қарасты Бұланды ауылында да бой көтерді. Ол жердегі оқушылар мүлдем орман шаруашылығының тар кеңсесінде білім алуға мәжбүр болған. «Қазір осы қиындықтың бәрі артта қалды», – дейді білім басқармасындағылар.

Әсемгүл Сүлейменова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі уақытта білім ошақтарында оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Яғни жаңа сыныптардан бөлек, ұл-қыздар үшін шеберханаларда жұмыс істейді. Ол заманауи қажетті техникалармен жабдықталған. Сондай-ақ қос мектептің алғашқы қабатында балабақша бар. Онда да кішкентай балғындар үшін бәрі жасалды. 

Қазір өңірде тағы бір мектептің құрылысы созылып жатыр. Оған да осы мердігерлік ұйым жауапты. Целиноград ауданы Жаңажол ауылындағы мектепте 80 орынға шақталған. Білім ошағы жаңа оқу жылында ел игілігіне берілмек.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.