Павлодарлық қыздар дәнекерлеуші мамандығын игеріп жатыр

Павлодарда дәнекерлеуші мамандығын меңгеруге ниетті бойжеткендер қатары артты, деп хабарлайды 24KZ. Әрине, жеті мың градусқа дейін металл балқыту оңай іс емес әрі жауапкершілігі өте үлкен сала. Сондықтан оқу барысында қыздарға ешқандай жеңілдік қарастырылмайды. Талап бәріне ортақ. Ұстаздарының айтуынша, ерлерге тән кәсіпті таңдаған нәзік жандар өз ісіне ерекше ұқыпты екен.  

Екінші курс студенті Ангелина Данченко электр газбен дәнекерлеуші мамандығына оқып жатыр. Ағасына еліктіп осы кәсіпті таңдапты. «Дәнекерлеушіге қарапайым жұмыс адамы деп қарауға болмайды»,  – дейді ол. Өйткені зергерлік шеберлікті талап етеді. 

Ангелина Данченко, студент:

- Біз заманауи құрылғылармен  жұмыс істейміз. Тәжірибе барысында шеберлігімізді шыңдаймыз. Мен күрделі құрылымдарды құру арқылы өнеркәсіпті дамытуға үлес қоссам деймін. Әрине, ерлер мамандығын таңдағаныммен қыз балаға тән нәзіктігімді ұмытпаймын. Жұмыста киетін ауыр киімді шешкен соң сұлу қыз болып шыға келемін.

Дәнекерлеуші – екі және одан да көп металды жоғары температурада біріктіретін маман. Өндірістік оқыту шебері Серік Ибраев дәнекерлеуші қыздардың ұқыптылығына тәнті. Шәкірттерін бәрінен бұрын қауіпсіздікті сақтауға үйретеді.

Серік Ибраев, өндірістік оқыту шебері:

- Тақырып бойынша бәрін бірдей істеуге міндетті олар. Біреуге жеңілдік деген бізде жоқ. Негізі мына мамандық өте сұранысты, мысалы, мына темірді балқытқаннан кейін 7-8 мың градусқа дейін ыстық темір қауіпсіздік өте қажет, ол жағында сұраныс бәріне бірдей болуы керек.

Бүгінгі күні  дәнекерлеу ісі, электр жабдықтары, түсті металдар металлургиясы бойынша білім алып жатқан қыз балалар өте көп. Олардың басым бөлігі кәсіптік бағдар беру бағдарламасы арқылы  келген. 

Бұл қыз балаға тән кәсіп емес, әрине. Дәнекерлеуші қыздар осы ескі көзқарастан арылып жаңашылдыққа қадам басқан. Олар таңдаған мамандығын сенімді түрде игеріп жатыр. Дәнекерлеудің қыр-сырын үйреніп алғаннан кейін шығармашылық пен тың идеяларға да ерік береді. 

Павлодар облысы бойынша техникалық және кәсіптік білім беретін 50 -ге тарта колледж бар. Бүгінгі таңда жұмысшы мамандығына 22 мыңдай студент оқып жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.