Дипломмен ауылға: Қарағанды облысы Нұра ауданына 40 жас маман көшіп барған

«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен былтыр Қарағанды облысы Нұра ауданына 40 жас маман көшіп барған.

Оларға тиісті әлеуметтік көмек көрсетілді. Бір реттік көтерме жәрдемақы мен баспана сатып алу үшін тиімді шартпен несие берілді.

Кадр тапшылығын жою үшін Нұра ауданының әкімдігі ауылға келген мамандарға 400 мың теңгеге жуық бір реттік қаржылай көмек көрсетеді. Бұдан бөлек пәтер сатып алуға немесе баспана салуға шамамен 8 млн теңге жеңілдетілген несие береді. Негізгі шарт – маман ауылда кем дегенде үш жыл қызмет атқаруы тиіс. Ал тұрғын үйге берілген қарыз ақшаны 15 жыл ішінде қайтаруы керек. Мәселен, былтыр аталған бағдарлама бойынша ауданға 40 жас маман көшіп келді. Олардың қатарында мұғалімдер мен дәрігерлерден бөлек әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері бар.

Алтыншаш Тұрарова, аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы:

- Сұранысқа ие мамандықтардың тізбесі жарияланады. Соған байланысты бөлінеді суммалар. Бұрындары барлығына бірдей 1500 мрп болатын. Ол 4-5 млн болды. былтырдан бастам мөлшерлерме үлкейіп қазір жас мамандар көбірек келуде ауылға.

Дана Ниязбекова жоғары оқу орнын тәмамдаған соң туған ауылына оралған. Қазір осындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жас маманға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бір реттік көтерме ақы берілді. Тиімді шартпен рәсімделген несиеге баспана сатып алған.

Дана Ниязбекова, М. Жұмабаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі:

- Жалпы осы жаққа келуім өмірімнің күрт өзгеріске толы болды. Күтпеген жағдай болды. мемлекет тарапынан бұндай көмекті қолдауды көрем деген ой болған жоқ. Осы өңірге келгенде барлығы «қалаға қайта оралар», «ауылда не істейді» деген сияқты сауалдар болды көбісінде. Бірақ менің жүрек қалауым осы өңір екенін түсініп осында жұмысымды атқарып келемін.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауданда биыл да жалғасады. Жергілікті қазынадан тағы 40 маманға көтерме жәрдемақы баспана сатып алу үшін қажетті қаржы бөлінді. Жалпы облыс бойынша былтыр ауылдық жерге қоныс аударған 500 ге жуық маманға жеңілдетілген несие мен жәрдемақы берілген. Оның 100-ден астамы медицина саласының мамандары.

Елдос Кәкенов, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев, Сайлау Игликов