БҚО-да алты жайлы мектеп салынады

Батыс Қазақстан облысында биыл жоспарланған 18 «Жайлы мектептің» жартысы салынады.

Былтыр олардың үшеуі пайдалануға берілген. Заманауи үлгіде жабдықталған оқу ошағының екеуі Орал маңында, біреуі Теректі ауданында бой көтерді.

Алдағы уақытта тағы алты мектеп ашылады. Ұлттық жоба үш жыл бұрын білім ұяларындағы үш ауысымды оқыту мәселесін шешу үшін қолға алынған. Жергілікті билік бұл мәселені қалай шешпек?

«Жайлы мектептердің» бірі Жаңақала ауылында салынуы тиіс болған. Қазір аудан орталығында үш мектеп бар. Барлығы лық толы. Мысалы 370 орынға есептелген мектепте қазір мыңға жуық оқушы білім алады. Мектеп директорының орынбасары Рая Жұмағалиеваның айтуынша, оқу кабинеттері жеткіліксіз. Кейде сабақтар директор кабинетінде, мұғалімдер бөлмесінде немесе кітапханада өтеді. Ал шағын спорт залда бір мезетте үш сыныптың дене шынықтыру сабағы өтеді. 

Рая Жұмағалиева, мектеп директорының орынбасары:

- Тым көбейіп кететін болса үш ауысымға көшуге тура келеді. Қандай мүмкіндік бар соны пайдаланамыз. Тіпті подгруппаларға кабинет жетпегенде, мектеп директорының кабинетіне дейін кіріп, балалар оқиды сабақты. Өйткені барлық мүмкіндік балаларға ғой енді.

Жаңақала ауданындағы жаңа мектептің құрылысы бұрыннан айтылып келеді. Биыл мұнда «Жайлы мектеп» жобасы аясында жұмыстар басталады делінген. Бірақ облыстық білім басқармасының мәліметінше, ұлттық жоба уақытша тоқтатылған. Батыс Қазақстан облысында жоспарланған 18 мектептің тек 9-ы ғана салынады. Үкімет осындай шешім қабылдады.

Елдос Сафуллин, білім басқармасының басшысы:

- Көп мектептердің орналасқан жерлеріне су келіп немесе соны орындаушы мердігерлердің үлгере алмауы деген сияқты, материал жетіспеушілігі, қаржылық қиыншылықтар, түрлі ұйымдастыру жағынан материалдар жеткізе алмай олар тоқтап қалды. Мемлекеттік және жеке әріптестік мектепті салу жоспарланып тұр. Қазір облыс әкімдігі деңгейінде әңгімелер жүріп жатыр. Байланыс орнатылып, келіссөздер жүріп жатыр. Егер үйлестірілсе, онда құрылысы басталуы мүмкін, ықтимал.

Былтыр ұлттық жоба аясында өңірде үш мектеп ашылды. Оның екеуі халық тығыз қоныстанған Оралдың шағын аудандарында, біреуі Теректі ауданында  бой көтерді. Ал 2025 жылы Бөрлі, Бәйтерек аудандарында және Оралда тағы алты мектеп салу жоспарланып отыр.

Әлібек Антазиев, құрылыс басқармасының басшысы:

- 2025 жылы облыс бойынша 17 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның алтауы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылдан бері құрылысы жалғасып жатқан нысандар. Сонымен қатар ҚПО компаниясының қаражаты есебінен 10 шағын мектептің құрылысы басталады. Ал ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы қордан 100% қаржыландырылып отырған №8 мектептің құрылысы басталды.

Қазір облыста 375 мектеп бар. Оның 10-ында оқушылар үш ауысымда білім алып келеді. Жергілікті билік жоспарланған 17 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, үш ауысымды оқыту мәселесі шешімін табады деп уәде беріп отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Альбина Кұмарғалиева, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов