Ақтауда сутегі өндірісі саласының мамандары даярланады

Ақтауда сутегі өндірісі саласының мамандарын тереңдетіп оқытатын бағдарлама жүзеге асады, деп хабарлайды 24KZ. Осы орайда Германияның үздік университетінен бір топ оқытушы арнайы келіп, қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасып жатыр.

Шетелдік ғалымдар қазақ-неміс тұрақты инженерия институтында дәріс оқиды. Екі жыл бұрын Президент тапсырмасымен құрылған институтта магистратура және докторантура бөлімін ашу жоспары бар. Қазір мұнда жүзден астам студент бакалавр бойынша білім алып жатыр. Сондай-ақ неміс ғалымдары құрықта жел мен күн сәулесінен «жасыл» сутегі өндіретін зауыттың құрылысымен танысты. Олар өңірде энергетика және логистика саласындағы жобаларды жетілдіруге үлес қоспақшы.

Ханс Люгер Динель, Берлин техника университетінің профессоры:

- Мақсатымыз – энергетиканы тұрақты дамыту және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған магистратура, докторантура бойынша білім беру бағдарламасын құру. Сондай-ақ теңіз инфрақұрылымын және теңіз операцияларын басқаруды зерттеу жөніндегі мегажобаны талқылаймыз. Қазақстандық ғалымдармен бірлесе Каспий маңы экоахуалын жақсарту мәселелерін де қарастырамыз. Мұндай шаралар Маңғыстауда ауқымды ғылыми жобаларды жасауға мүмкіндік береді.

Берік Ахметов, жоба үйлестірушісі:

- Қазір 2 жоба жүзеге асып жатыр. Біріншісі – «Aktanten» деген жобасы. Ол Германия Федеративтік республикасының қаржыландыруымен 1 млн еуро 4 жылға бөлініп, сол Германиядағы ғалымдардың потенциалын осы Қазақстанға қалай алып келеміз деген сұрақтарды қарастырып жатырмыз. Одан бөлек, біздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен мегажоба, 3 жылдың ішінде осы «жасыл» сутегін әртүрлі сақтау, транспорттау оны жіберу тетіктерінің барлығы қарастырылады.