Алматы колледждері техникалық мамандықтарға басымдық береді
Алматы қаласындағы колледжердің барлығында жыл соңына дейін құзыреттілік орталықтар ашылады, деп хабарлайды 24KZ. Әзірге мұндай орталықтар 12 білім ордасында бар. Оның мақсаты – жұмысшы мамандықта оқитын студенттердің тәжірибесін арттырып, өндіріс орындарымен байланыс орнату. Биыл елде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Алматы колледждерінде сапалы білім алуға қандай мүмкіндік жасалып отыр.
Алматы автомеханика колледжінде дәстүрге айналған Worldskills сайысының іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Үш күндік сайысқа 70 студент қатысқан. Олар көліктерге техникалық қызмет көрсету, шанақты түзеу, дәнекерлеу және токарь шеберлігі бойынша үздіктерді анықтайды. Әр категорияда жеңіп шыққан үш қатысушы қалалық сайысқа жолдама алады.
Сәулебай Дайырбеков, сарапшы:
- Сайысқа қатысушылар белгілі бір уақыттың ішінде тапсырманы орындауы керек. Бірақ жұмыстың сапалы істелуіне де көңіл бөлеміз. Мысалы, қозғалтқыш жөндеген кезде барлық жұмыс өзінің технологиялық тәртібі бойынша орындалуы керек. Құрал-жабдықтарды да дұрыс пайдалануы ескеріледі.
Бұл жарыс техникалық мамандықтағы студенттердің шеберлігін шыңдаудың бір түрі. Жақын арада мұнда да құзыреттілік орталық ашылады. Соның көмегімен болашақ шеберлер электромобильдерді жөндеуді үйренеді. Одан бөлек, қаладағы техникалық колледждердің білім беру бағдарламасы 60/40 форматында жүргізіледі. Нақтырақ айтсақ, сабақтың басым бөлігі тәжірибе жүзінде өтеді. «Мұндай әдіс жұмыс берушілер үшін де тиімді», – дейді мамандар.
Темірбек Рахманов, Алматы автомеханика колледжінің директоры:
- Дуальды оқыту бойынша әртүрлі кәсіпкерлер келіп, осы оқушыларымызды бірінші курстан бастап өндірістік тәжірибе өтуге қабылдайды. Өздері сол үш жыл бойы өндірістік тәжірибеден өткізіп, өздеріне керекті мамандарды таңдап алады. Қазіргі таңда енді Алматы қаласында мына жеке кәсіпкерлер көп шоғырланған. Кішігірім автосервистер көп оқушыларды жұмысқа қабылдайды.
Осы жылдың соңына дейін Алматыдағы 6 колледжде құзыреттілік орталық ашылады. Оған жергілікті бюджеттен 330 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде қаладағы 18 колледждің барлығында құзыреттілік орталықтар жұмыс істейді. Компаниялардың сұранысымен жаңа жұмысшы мамандықтар да оқытыла бастаған.
Ерік Әбішаев, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Осы екі жыл көлемінде ашылған мамандық – ол хаус мастер мамандығы. Одан кейін баламалы энергия мамандығы, сонымен қоса бұйымды тазалау, бояу мамандығы қазіргі таңда ашылып отыр колледждермен. Бұл жұмыс берушілердің ұсыныстарымен ашылып отырған мамандықтар.
Техникалық және технологиялық мамандарға кәсіпкерлер тарапынан да қолдау бар. Мысалы, ірі кәсіпорындар колледждерге 295 млн теңгеге қосымша құрал-жабдық алып берген. Ал Алматы әкімдігі білім сапасын жақсарту үшін әр колледжден жылына 10 мұғалімді шетелден тәжірибе жинауға жіберіп отыр.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев.