Жетісулық оқушыларға ақындар сабақ береді

Жетісу облысындағы оқушыларға енді ақындар да сабақ береді, деп хабарлайды 24KZ. «Мизам» әдебиет мектебін құрған қаламгерлер білім және мәдениет басқармасымен осындай келісімге келді.
Соған сәйкес олар аудан-қалалардағы білім ордаларына барып, бір аптадан дәріс өткізеді. Жасөспірімдерді мақала, эссе және өлең жазуға машықтандырады. Өңірден шыққан ақын-жазушылардың туындыларын талдау арқылы шеберлік сабағын өткізеді. Сол арқылы шығармашылыққа бет бұрған жастарды дамытуға, өзіндік стилін қалыптастыруға ықпал етеді. Әрі талапты жеткіншектердің шыңдалуына, әдеби ортада танылуына жол ашпақ. Курс соңында байқау жарияланып, үздіктері облыс әкімдігінің бағалы сыйлықтарымен марапатталады.
Тілеужан Қасымбай, оқушы:
- Бүгінгі сабақта біз көптеген қызық мәліметті өттік. Біз білмеген. Мысалы, өлеңердің ұйқасын тауып, буындарға бөлуді өттік.
Жұматай Оспанұлы, ҚР мәдениет қайраткері:
- 8 аудан екі қаладан 200 баланы ынталандыруды бастадық. Бұл енді алғашқы қадамымыз. Бұл біздің руханиятымызға деген балаларымыздың кітапқа деген құмарлығын, кітапқа деген ынтасын ояту мақсатында құрылып отыр.