Шымкентте мектептерге жасанды интеллект жаппай енгізіліп жатыр
Мектеп оқушыларын жасанды интеллект арқылы қызықтыру – Шымкентте қолға алынған тың бастамалардың бірі. Қазіргі таңда өңірдегі бірнеше білім беру ұйымында информатика пәнінен бөлек, математика мен физиканы тереңдетіп оқытуда «ақылды» технологиялардың көмегі кеңінен қолданылып жатыр. Сонымен қатар отандық ІТ саласының жетекшілері бағдарламалау ісін жаңаша үйрету бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Бұл бастама оқушылардың технологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың цифрлық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік бермекші.
Аймақтағы алты ІТ мектеп-лицейінде «ақылды» жүйелердің артықшылықтары қолданыла бастады. Мәселен, №80 білім беру ұйымының оқушылары жасанды интеллектіні пайдаланып, күнделік алгоритмін жасады. Бұл жүйе баланың бағаларын саралап, оқу үлгерімін талдайды. Үлгерімі төмендеген оқушыларды түр-әлпетті тану жүйесі анықтап, олардың сабаққа белсенді қатысуы үшін бірінші болып тақтаға шығуын қамтамасыз етеді.
Оқушылардың қиялынан туған теориялық жобалар STEAM кабинетінде тәжірибе негізінде шыңдалады. Мұнда бала жастан қауіпсіздік датчиктері құрастырылып, білім беру жүйесін жетілдіруге көмекші роботтар жасауға дағдыланады. 9-сыныпта оқитын Қарақат Бектемір «жасанды интеллект – жетістікке бастайтын қадам» деп есептейді.
Қарақат Бектемір, №80 ІТ мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы:
- Техникаға жақынырақ болып жатырмыз және Қазақстанның дамуына, цифрлық дамуына біз жақындап жатырмыз деп ойлаймын. Біздің бастамамыз алдағы уақытта көптеген жетістікке жеткізу мақсатымыздың бірінші қадамы негізі.
Шымкенттегі мектептердің 70%-і STEAM кабинеттерімен жабдықталған. Барлық білім беру ұйымдарында робототехника сыныптары құрылып, мұғалімдердің біліктілігі үздіксіз жетілдіріліп жатыр. Оқу жүйесіндегі жаңашылдықтар білім олимпиадаларында оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалау арқылы сыналып жатыр.
Алмаз Жұматаев, қалалық білім басқармасы әдістемелік орталығының бөлім басшысы:
- Бізде мониторинг бар. Сол бойынша қазір мектептерде жасанды интеллект курсынан өткен мұғалімдердің осы цифрлық платформаларда, цифрлық белгілі бір ресурстарды қолдану аясын көруге болады. Оларды цифрлық педагог деген электронды журналда да көруге болады. Ол жердегі проценті 93% дейін мұғалімдер осы цифрлық бағытта жұмыс істейді. Сондағы жетістіктер процентпен көрініп тұрады бізге.
Синус пен косинустың мәндерін есептеуде, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытуда ақылды жүйе көмекке келді. Алайда ІТ сарапшылар білім беру бағдарламасын одан әрі жетілдіру қажет деп санайды. Осыған байланысты аймақтағы мектептерге отандық инновациялық шешім ұсынылды.
Нұрғали Тұрымбетов, компанияның GR директоры:
- Бала сіз айтатын ақпаратты біліп алған. Енді бұл тұста біз бағыттап отырып, дұрыс өнім беруіміз керек. Дұрыс бағдарлама беру керек. Мысалы, бастауыш сыныпта ойын форматында жұмыс жасаса, одан кейін жоғарылаған сайын олар үлкен-үлкен жобаларды жасай бастайды. Инновациялық ғылыми жобаларды жасай бастайды.
Қазақстанда әзірленген инновациялық стартапты Шымкенттегі білім беру ұйымдарына енгізу мәселесі әлі де талқылану үстінде. Сарапшылардың айтуынша, егер бұл жоба қолдау тапса, жасанды интеллект пен робототехниканың жаңа қырларын тануға мүмкіндік ашылады. Олар білім беру саласында материалдық базадан гөрі тиімді оқу бағдарламасының маңыздылығын ерекше атап өтеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.