Семейде мектеп түлектеріне арналған көрме өтіп жатыр

Семейде жұмысшы мамандықтар жылы аясында республикалық «Түлек-2025» білім көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған шараға еліміздің 30-ға жуық жоғарғы оқу орнының өкілдері келді. Екі күн бойы өтетін шараға Семейдің 59 мектебінен 9 мыңға жуық оқушы қатысады. Олар биыл мектеп бітіретін түлектер.

Нұрәлі Мәліков Семейдегі №3 мектепте 11-сыныпта оқиды. Бала күнінен қаржыгер мамандығына қызыққан. Бірақ бүгінге дейін қай оқу орнына баратынын білмей жүрген. «Республикалық білім көрмесінде таңдауымды жасадым», – дейді.

Нұрәлі Мәліков, оқушы:

- Біз мұнда өте көп ақпарат алдық. Сонымен қатар осындай көрмелер көп болғаны дұрыс деп ойлаймын. Мен өзім қаржы мамандығын таңдап отырмын, сол себепті Сейфуллин университетін таңдадым. Қазір Қазақстанда негізі керекті мамандықтардың бірі. Сұраныс та көп. Сол себепті таңдап отырмын.

Республикалық білім көрмесіне Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларындағы жетекші оқу орындарының өкілдері келді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай шаралар арқылы білім беру мекемелері мен талапкерлер арасында тікелей байланыс орнайды. Оқушылар заманауи білім беру бағдарламасы мен мүмкіндіктері туралы ақпарат алады.

Светлана Бейсембаева, ұйымдастырушы:

- Интернет арқылы әлеуметтік желіден қарай салған, әрине, жеңіл. Бірақ көзбен көріп, әңгімелескен әлдеқайда жақсы. Жастар көбінесе қандай мамандық таңдайтындарын білмей жатады. Қай оқу орнын таңдайтындарын білмей, ізденісте жүреді. Осындай шара арқылы түлектеріміз қалаған оқу орнын таңдап, өздерін алаңдатқан сұрақтарына жауап алады.

Республикалық көрмеге Семейдегі 59 мектептен 9 мыңға жуық оқушы келді. Сонымен қатар шалғайдағы ауыл мектептерінен 11 мың бала Zoom-конференция арқылы қосылды.

Салтанат Заманбекова, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:

- Болашақ мамандықты қалай таңдау керек деген сұрақтарына жауап беруге университеттер дайын. Мұндай шара облысымызда алғаш рет өтіп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, енді жыл сайын өткізу жоспарланған. Себебі бұл түлектерге деген болашақ мамандықтарын айқындауға үлкен бір көмек ретінде ұсынып отырмыз.

Айта кетейік, оқушыларға арналған көрме екі күн бойы өтеді. Енді облыстық білім басқармасы шараны жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.