Жосалыда жаңа мектеп салу мәселесі қашан шешімін табады?
Қабырғасы көгерген, едені шіріген.
Мәдени іс-шара өтетін арнайы орын жоқ. Ал спорт залы өте тар. Қызылорда облысының Жосалы кентіндегі нөмірі 105-мектеп лицейдің қазіргі жағдайы осы. Биыл аталған оқу ошағына жаңа ғимарат салу жоспарланған. Межелі міндет қашан іске асады?
65 жылдық тарихы бар Жосалы кентіндегі №105 мектеп-лицей 420 орынға арналған. Бүгінде мұнда 500-ге жуық бала білім алады. Оқушылар екі бөлек ғимаратқа орналасқан.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Мектеп жанындағы бастауыш сыныпқа арналған қосымша ғимарат 1961 жылы салынған. Қабырғасы қам кесектен қаланған екен. Бүгінде мұнда 170-тен астам оқушы білім алады.
Мектептің дәлізін пластикалық қабырғамен бөліп, шағын сыныптар жасалған. Бұл амалсыздан жасалған әрекет, дейді мектеп директоры.
Нұржан Райымов, №105 мектеп-лицей директоры:
- Бастауышта бөлінген кабинеттер қосымша білім беруге, яғни пәндік олимпиадаға дайындалуға, ғылыми жұмыстарға дайындалуға қосымша сол жерге барып жұмыс жасайды мұғалімдеріміз. Соған арнайы жасалған. Шатырының өзін көрдіңіз, шатырының өзіне жөндеу жұмыстары жасалмаған. Бұрынғы шифр дейміз ғой, азбестпен тұр. Еденге де жасалмаған.
Мектепте мәдени іс-шараларды өткізуге арналған арнайы зал жоқ. Сол себепті мұндай шаралар дәлізде немесе кітапханада ұйымдастырылады. Оқушылардың сырт киімін ілетін орын да қарастырылмаған. Спорт зал тиісті талапқа сай емес. Бұрынғы гимнастикаға арналған шағын залда балалар волейбол, баскетбол ойнауға мәжбүр. Бұл оқу ошағына биыл жаңа ғимарат салу жоспарланған. Бірақ, қаржы мәселесін шешу қиындық тудырып тұр,-дейді мамандар.
Ерлан Төрәлиев, облыстық құрлыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Қармақшы ауданында біз «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында екі мектеп жоспарлағанбыз. Олар Жосалы кентінде және Үшінші интернационал ауылында. Екеуі де апаттық жағдайда. Өкінішке орай айттым, қаражатқа байланысты бұлар алдыңғы жылдарға қалып тұр. Біз басқа варианттар іздеп жатырмыз. Республикалық бюджет бар, ұлттық қор бар, білім нысандарын қолдау қоры бар. Болмаса, облыстық бюджеттен қарастырамыз.
Жыл сайын оқушы саны артып келе жатқан мектеп-лицейдің жаңа ғимараты қашан салынатыны белгісіз. Ал оған дейін бастауыштың оқушылары қабырғасы көгерген сыныптарда біліммен сусындай тұруға мәжбүр.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев