Жамбыл облысындағы барлық балабақшаға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі

Биыл Жамбыл облысындағы барлық балабақшаға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі, деп хабарлайды 24KZ. Бұған дейін жоба Тараз қаласында пилоттық режимде жұмыс істеген. Сонда 172 балабақшаға 10 мыңға жуық бала орналасты. Кезектің мәселесі де ішінара шешілген еді. Енді тиімділігін дәлелдеген жүйе облыс бойынша қолданылмақ.

Ваучерлік жүйенің пайдасын көргендердің бірі – Сағадат Мұсабекова. Ол 3 жасар ұлын қалалық №7 балабақшаға орналастырған. «Бұрынғыдай кезек күтіп, білім бөлімі мен бөбекжай арасында шапқылаған жоқпын», – дейді. Тек 2 ай бұрын индиго жүйесіне электронды құжаттарын жүктеп, орын босауын күткен. Табылған соң онлайн келісімшартқа отырған. 

Сағадат Мұсабекова, қала тұрғыны:

- Біріншіден, осы балабақшаға өте жақын тұрамын мен. Айналамдағы көршілерімнен осы жерге балаларын әкелетін, осы балабақша турады толық мәлімет алдым. Ол қай жағынан болса да, сапасы өте жоғары болғандықтан, осы балабақшаны таңдадым. Жалпы тіркеліп қойдық қой басында. Көп қиындық тудырған жоқ. Ары бері жүгіргенім жоқ. Бәрін электронды түрде тапсырдым.

Жаңа жүйе мектепке дейінгі мекемелерді мемлекеттік субсидиямен қаржыландыруға арналған. Бұрын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде балабақшаларға қаржыны жергілікті атқарушы органдар тарататын еді. Ал енді ваучерлік қаржыландыру арқылы ата-ананың арнайы шотына аударылады.

Гүлмира Айтқұлова, балабақша меңгерушісі:

- Бұл балабақшалардың өзара бәсекелестігін, үлкен жүйені атқарып, ата-ананың талабына сай болуға өзіміздің балабақшаға көптеген инновациялық жұмыстарды, баланы дамытуға жан-жақты ізденіс үстінде педагогтер. Себебі бала – ол бізге келетін ақша.

Былтырға дейін Тараз қаласының өзінде 20 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұрған. Ваучерлік жүйе қосылғалы кезек электронды форматқа ауысып, қаладан көшіп кеткен немесе балабақша жасынан асқан барлық бала есептен шығарылды.

Гүлбану Мәлібекова, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазір бізде 0-ден 6 жасқа дейін 3 мыңнан жоғары бала тұр. Ал қазіргі «потребность» деген кезде 368 бала тұр бізде 2 жастан 6 жас аралығында. Ол бұрынғыға қарағанда едәуір қазір азайған. Балалардың бәрі шетінен орналасып жатыр.

Жаңа жоба былтыр шілде айнынан бастап Тараздағы 172 балабақшаға енгізілді. Қазір Тараз қаласы мен 7 ауданның мекетепке дейінгі мекемелері осы платформамен жұмыс істеп жатыр. Жақын аралықта қалған Мойынқұм, Талас және Шу аудандарындағы мекемелер толықтай қосылады. Жалпы облыста 618 балабақша бар. Оларда 63 мынан аса бала тәрбиеленіп отыр. Бұл 2-6 жас аралығындағы балалардың 95,1%-і.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә