Астанада М.Шоқайдың 135 жылдығына арналған музейлік сабақ өтті
Түркі жұртының даңқты күрескері Мұстафа Шоқай жазған 900-ден астам еңбектің 224-і ғана қазақ тіліне аударылған.
Қайраткердің орысша, французша және түркі-шағатай тіліндегі мақалалары тәржіманы қажет етеді. Бұл туралы тағылымды тұлғаның 135 жылдығына арналған Ұлттық музейде өткен іс-шарада айтылды. Жиынға Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары, ғылыми қызметкерлер, алаштанушылар және мектеп оқушылары қатысып, түркі әлемінің көсемі жайлы естеліктермен бөлісті. Оның еңбектеріне қатысты тың деректер баяндалды. Келелі отырыстың мақсаты күрескердің болмысын насихаттай отыра, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бұған қоса №51 мектеп-гимназиясының музейінде қайраткердің жеке заттары, фотоматериалдар мен құжаттары қойылған көрме ұйымдастырылды.
Бәкір Әбдіжәлел, мұстафатанушы, профессор:
- 12 томдық шығармалар жинағындағы еңбектері 9 тілде жазылған. Кім бар мұндай? Жүзден аса елдің қайраткерлерімен, ғалымдарымен хат жазысып, артында 300-ден аса хат қалдырды. Бұл кімде бар? 150 халықаралық тақырыпқа 150 мақала жазды. Және ондағы негізгі мақсаты халықаралық жағдай Түркістан азаттығына игі ықпал етер деген мақсатта жазды. Ал енді 150 мақала жазған тарихшыларды тауып бере қойыңдаршы. Міне мұндай тұлға бізде жоқ.