Халықаралық байқауда жеңімпаз атанған оқушыларға ₸6 млн дейін төлем жасалады

Беделді халықаралық байқауларда топ жарған қазақстандық оқушыларға 6 млн теңгеге дейін төлем жасалады, деп хабарлайды 24kz.

Шәкіртін осындай жетістікке жетелеген ұстазына да қолдау көрсетіледі. Мәжіліс осы түзетулерді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мақсат еліміздің дарынды оқушыларын қолдау. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындарының ресми рейтингі жасалады. «Бұл шара білім деңгейі мен оқу сапасын жақсартуға көмектеседі», - дейді заң жобасын әзірлеушілер. Өзгерістің тағы бірі мемлекеттік грантты өтеуден босату. Бұл норма мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған түлектерге қатысты. Оқу бітіргеннен кейін шетелде магистратураға түскен студенттер де осы санатқа кіреді.

Сонымен қатар білім беру мәселелеріне қатысты осы заң жобасында 6 жасқа толған балаларды шілде айының соңына дейін балабақшада тәрбиеленуін жалғастыруға мүмкінік беретін норма қарастырылды. Енді балалар бұрынғыдай қаңтар, сәуір айларында шығарылмай, мектепке барар кезге дейін бақшаға бара алады.