Елдің 2024 жылғы үздік оқытушылары мен ғалымдары марапатталды

Елдің 2024 жылғы үздік оқытушылары мен ғалымдары марапатталды
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2024» және «Үздік ғылыми қызметкер – 2024» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Бұл байқаулар жыл сайын дәстүрлі түрде оқытушы мамандығының беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамуға ынталандыру, сондай-ақ ғылымды дамытуға үлес қосқан ғалымдарды қолдау мен көтермелеу мақсатында өткізіледі.

Салтанатты шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҒЗИ және ЖОО басшылары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен оқытушылар, білім беру мекемелерінің басшылары, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.

Іс-шараның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, жеңімпаз оқытушылар мен ғалымдарды құттықтап, ғылым мен білім саласындағы орасан зор еңбектері үшін алғыс айтты.

«Бүгін біз білім мен ғылымның дамуына өз еңбегі және білімімен елеулі үлес қосып жүрген жандарды құттықтап, оларға алғыс айту үшін жиналдық. Сіздердің жетістіктеріңіз бен инновацияларға деген ұмтылыстарыңыз еліміздің болашақта ілгерілеуіне негіз болады. Соңғы жылдары ғылым мен білім беру саласында маңызды қадамдар жасалды. Бұл қадамдардың арасында қолданбалы ғылымды қаржыландыруды ұлғайту, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми саладағы жұмыс жағдайларын жақсарту бар. Қабылданған Ғылым және технологиялық саясат туралы Заң ғылыми және білім беру институттарының дамуына берік негіз қалайды. Біз ғылым мен өнеркәсіптің тығыз ынтымақтастығын белсенді қолдаймыз және бұл ынтымақтастық нақты нәтижелер береді, мәселен, ірі кәсіпорындар үшін 100-ден астам ғылыми-техникалық шешімдер әзірленді. Алдағы уақытта да біз сіздердің жетістіктеріңізді қолдауды жалғастырып, жаңа даму мүмкіндіктерін құру жолында бірге жұмыс істейміз. Сіздерге еліміздің одан әрі ілгерілеуі жолында  жаңа кәсіби шыңдарды бағындырып, шығармашылық табыстарға жете беріңіздер дегім келеді», – деп атап өтті министр.

Салтанатты жиында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзінде қатысушылардың зор еңбегі және білім мен ғылымды дамытуға қосқан маңызды үлестерін жоғары бағалады.

Айта кетейік, 2024 жылғы желтоқсан айының соңында жыл сайынғы дәстүр бойынша «Үздік ғылыми қызметкер» және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауларының жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Республикалық конкурстық комиссия нақты критерийлер бойынша үздіктерді таңдады. Конкурс қорытындысы бойынша марапаттар ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындары мен ұйымдардың ғылыми бөлімшелерінің 50 ғалымына, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының 150 оқытушысына табыс етілді. Байқау жеңімпаздары 2000 АЕК мөлшерінде сыйлықақы алды, бұл 7 миллион теңгеден астам соманы, сондай-ақ төсбелгілерді құрайды.

Үздіктерді марапаттау рәсімінде сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы Гүлсім Сүлейменоваға білім мен ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып, өркендеу жолында атқарған абыройлы еңбегі мен адал қызметі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы табысталды. Ардагер оқытушы университетте 57 жылдан бері ағылшын тілінен дәріс беріп қана қоймай, елімізде өткен жоғары деңгейдегі кездесулерге ілеспе аудармашы ретінде қатысып келеді.

Іс-шара аясында жеңімпаздар үшін ҚазҰУ қалашығына экскурсия өткізілді. Олар ҚазҰУ-дың ғылыми зертханалары мен орталықтарын аралап, «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында, Жерді қашықтықтан зондтау, Робототехника орталықтарында болды. Сонымен қатар қонақтар суперкомпьютердің жұмысымен танысты.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі