Білім беру саласына қатысты түзетулер қабылданды
Беделді халықаралық байқауларда топ жарған қазақстандық оқушыларға 6 млн теңгеге дейін төлем жасалады. Шәкіртін осындай жетістікке жетелеген ұстазына да қолдау көрсетіледі. Мәжіліс осы түзетулерді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мақсат – еліміздің дарынды оқушыларын қолдау. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындарының ресми рейтингі жасалады. «Бұл шара білім деңгейі мен оқу сапасын жақсартуға көмектеседі», – дейді заң жобасын әзірлеушілер.
Мемлекеттік грантты өтеуден босату. Қазір оқу бітіруші түлектер бюджет есебінен алған білімін 3 жыл жұмыс өтілі арқылы өтеуге немесе грант сомасын қайтаруға тиіс. Алайда бұған шағымданатындар бар. Мысалы, мүгедек баласын тәрбиелеп отырған ата-аналар. Осы санатты аталған міндеттен босату нормасы қабылданды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған немесе I топтағы мүгедекке күтім жасайтын түлектерді міндетті түрде еңбек өтеу талабынан босату ұсынылды. Сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу үшін түскен азаматтарға міндетті еңбек өтеу мерзімін оқуын аяқтағанға дейін шегеру мүмкіндігін беру ұсынылып отыр.
Бала мектепке қабылданғанға дейін балабақшада бола тұруға мүмкіндік алады. Білім беру мәселелеріне қатысты маңызды түзету осыны көздейді. Себебі бүгінде іс жүзінде 6 жасқа толған бала қаңтар айында балабақшадан шығарылады. Ал бұл көптеген ата-анаға қиындық туғызып отыр. Жаңа норма арқылы 6 жасқа толған балалар шілде айының соңына дейін балабақшада тәрбиеленуін жалғастырады.
Еділ Оспан, ҚР оқу-ағарту вице-министрі:
- Шындығында бүгінгі күні осындай проблемалар кездеседі. Балабақшалар балаларды 6-ға толған кезде шығарып жіберуден бөлек, кейде ата-аналар балалардың 1 қыркүйекке дейін балабақшада болуын да сұрайтын жағдайлар бар. Жыл сайын оқу жылының аяғында осы сұрақтармен біз бетпе-бет келіп отырмыз. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының типтік ережеге тиісті түзетулер енгізіледі.
Заң жобасында қарастырылған тағы бір маңызды жайт – елдегі жекеменшік мектептерге белгілі тұлғалардың есімін бермес бұрын Ономастика комиссиясының келісімін алу. Енді бұл міндетті болады. Себебі кейінгі уақытта оқу ошақтарын тіпті білім саласына қатысы жоқ есімдермен ұлықтау фактілері жиілеп кеткен. Сосын оқушыларға арналған «Ақылман» картасы енгізіледі. Мәселен, осы типтес құралмен Еуропа елдерінде балалар музей, театр мен көрмелерге жеңілдікпен кіріп жүр.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ақылман картасы деген – жай ғана театрға бару емес, кітапхана мен театрға баруға балаларға мүмкіндік беру. Арғы жағында тұрғаны телевизор қоссаңыз, зорлық-зомбылық, жалғыз бойдағы тазалықты тәрбелейтін мәдениет ошақтары мен кітапхана қалды. Енді содан болашағымыздың қол үзбеуін қамтамасыз етуге біз міндеттіміз деп ойлаймын.
Фонограммамен ән айту шектеле ме?
Жанды дауыста ән айту талап етілмегендіктен, елде екінің бірі әнші болып жүр. Осылай деген мәжілісмендер: «Көптен бері жыр болған фонограмма мәселесіне осы заң арқылы нүкте қоюымыз керек», – деді. Алайда бүгін нақты шешім шығарылмады. Себебі өнер адамдарының өз уәжі бар көрінеді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Министрлік сіздер әртістердің сойылын соғып жүрсіздер. Фонограмманы тоқтату керек. Айтысты жанды дауыспен айтамыз, жырды жанды дауыспен айтамыз. Ал өлең айтуға келгенде оларда техникалық мүмкіндік жоқ, тағы бірдеңе жоқ деп. Әрқайсысын тойға шақырса, бәленбай мың доллар ақша төлейсің. Бір аппаратты алып қою оларға мүлдем проблема емес.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Дәл осындай желеуді олар 20 жыл бұрын да айтқан. Бізде 3 мың адам залға жиналады. 20 мыңнан билет. Фонограммаға ілесіп тұрады, бұл халықты алдау.
Егер концерт залында немесе ашық алаңда жанды дауыста ән айту үшін техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда ғана фонограмма қолдануға рұқсат ету ұсынылды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов мәселені алдағы айда қайта қарап, ортақ шешімге келуді уәде етті. Ашық талқылауға шоу бизнес өкілдері, мәдени ұйым жетекшілері мен өзге де мүдделі тараптар қатысады.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Мерей Талап