Қазақстандық оқушылар қаржылық сауат сабақтарын оқи бастады

Пилоттық жоба үшінші тоқсаннан бастап қолға алынған.

Астана Халықаралық Қаржы орталығының бастамасымен арнайы курс еліміздегі бірнеше мектепте енгізілді. Онда оқушыларға ата-анасы берген ақшаны тиімді жұмсау жолдарын үйретіп, экономикалық білім береді. тіпті алаяқтарға алданбаудың жолдарын көрсету көзделген. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Ертең айлық түседі. Екі жүз мың теңгені пәтерге берем. Күнделікті тамағым мен жолыма жүз мың теңге қалуы керек.  Сосын көктемде киетін аяқ киімім ескіріп қалды. Өткенде бір күшті етік көріп едім. Бірақ оны алсам,сегізінші наурызда қыздарға беретін сыйлыққа ақша жетпей қалады. Түүү, басым қатып кетті ғой. Неге осы бізге мектепте ақшаны дұрыс есептеуді үйретпеді екен?

Есесіне қазіргі балалардың осындай мүмкіндігі бар. Астанадағы мектептердің бірінде қаржылық сауаттылық курсы енгізілді. Мұнда оқушылар жеке бюджетін тиімді басқаруды, несие мен депозиттің пайыздарын есептеуді, тіпті қаржылық стратегия құруды үйренеді.

Арнайы сабақ үшінші тоқсаннан бастап оқытылып жатыр. Бұл пән бірінші сыныптан бастап бағдарламаға енгізілген. Олардың жасы есейген сайын тапсырмалар қиындай түседі. Яғни, бастауыштың балаларына қарапайым модельдер берілсе, жоғары сынып оқушыларын өмірде кездесуі мүмкін қиын жағдайларға дайындайды. 

Базарбай Бегім, 8-сынып оқушысы:

- Маған экономика сабағы өте көмектесті. Мен алдында ойын залдарына, компьютер клубтарына әншейін бара бердім. Бір айда мен ұмытып қалмасам 30 мыңдар құрта бердім. Ол жаман болды. Қазір мен экономика сабағын және social studies сабағынан үйрендім.  

Құлқарнай Құсайын, 8-сынып оқушысы:

- Бұған дейін енді мен ақшамды өзіме керек нәрселерге жұмсайтынмын.  Ол енді қазіргі маған керек емес нәрселер. Ол дүкендегі чипсы, сок.  Қазір мен мысалы кітап алып, болашақта қандай өзгеріс әкелетін кітаптар бар? Сол кітаптарды алып оқимын. 

Осы курс үшін мұғалімдер шетелдік оқулықтарды ақтаруға мәжбүр болған. Себебі бұл пилоттық жоба болғандықтан әзірге Қазақстанда арнайы кітап жоқ. Бірақ ол материалдар да еліміздегі қаржылық жағдайға бейімделеді.

Динара Сағадатова, мектеп директоры:

- Өзіміз балаларға не маңызды үйрену деген сұрақ қойдық та, сол себепті ол жерге көбірек бюджет жоспарларын қалай жасауға болады? Одан кейін ертең университетке түскенде қандай оларда сұрақтар шығады, иә? Практикалық. Қай жерде, жатақханада тұра ма? Немесе олар пәтер жалдай ма? Қандай бағаға жалдайды? Өйткені көбісі оқиды да, кейін шетелге кетеді немесе басқа қалаға оқуға түскенде көбісі білмейді ғой. Қай жерден пәтерді іздеу керек? Қандай ақшаға оны шешіп алуға болады? Қандай мошенниктер болады? Ол нәрсені көбісі білмейді. 

Сонымен қатар практикалық сабақтарға көңіл бөлінген. Мәселен, оқушылар елдегі тұрғын-үй бағдарламаларының ішіндегі ең тиімдісін анықтауы мүмкін. Немесе тапқан табысынан қанша салық төлейтінін есептеп шығарады. Алаяқтық әрекеттердің негізгі белгілері туралы да дәрістер бар. 

Айдос Мерекеұлы, «AIFC Academy» бас директоры:

- Әлеуметтік желілерде көптеген ақпарат жіберіп жатады. Ол ақпарат шындыққа сай емес болуы мүмкін. Табыс көзін екі есе ұлғайту болады, басқасы болады. Осының барлығын түсіндіре келе біздің өсіп жатқан бүлдіршіндерімізді, балаларымызды дұрыс қаржылық сауаттылыққа үйретпекшіміз. 

Арнайы академия қазір еліміздің алты мектебінде жұмыс істеп тұр. Болашақта бұл курсты оқу бағдарламасына енгізіп, жас ұрпақты әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті маман етіп шығару жоспары бар.

Серік Селеубайұлы, Бауыржан Апарқожа, Өрден Жарқын