Алматы балабақшалары жапондық тәрбие әдісін енгізе бастады
Алматыдағы отызға жуық балабақша Жапонияның бала тәрбиелеу тәжірибесін енгізе бастады, деп хабарлайды 24kz.
Енді олар «Баланы еркіндікке тәрбиелеу арқылы өзіне өзі қызмет көрсетуге баулу» қағидасын негізге алады. Бұл тәсіл бүлдіршіндерді ерте жастан еңбекке баулуды көздейді. Аталған бастама ата-аналардың да қолдауына ие болды.
Күншығыс елінің тәжірибесін алғаш енгізгендердің бірі – №1 балабақша. Қазір мектепалды даярлық топтары дербестікке ден қойған. Бүлдіршіндер киімдерін өздері ауыстырып қана қоймай, тамақты ыдысқа өздері құйып ішеді екен. Алғашқыда ебі жоқ балалар қиналғанымен, бірнеше аптада ширақ қимылдай бастапты. Ыдыстарын да өздері жинап, бөлменің де тазалығына атсалысады.
Қымбат Қарабалаева, балабақша меңгерушісі:
- 2024 жылдың аяғына қарай Жапония мемлекетіне бардық. Ең бірінші көргеніміз, барлық жерде балаға мән беріледі екен, бала жаңағы балабақшада баланың іргетасы қаланады. Көбінесе бұл жерде тәрбиеші де, педагог те бақылаушы ретінде қатысады. Балаға жаңағы өзінің жасаған әрекетін іске асыруға көмектеседі.
Жапон бүлдіршініне еңбекқорлық қасиет балабақшадан сіңіп, мектепте бекиді. Ұлттық дүниетанымның іргетасы да бақшада қалана бастайды. Алматылық әдіскерлер де осыған ден қойып отыр. Балалар асық ойнап, ою түрлерін үйреніп, сурет салады. Одан бөлек, қазақ ертегісінің мазмұнымен жасалған лабиринтте жасырылған жәдігерлерді іздейді. Әр күні қимыл-қозғалысқа негізделіп, дербестікке машықтанады. Мұндай жаңашылдыққа өзге бөбекжайлар да қызығушылық танытып отыр.
Гүлсім Изматова, балабақша директоры:
- Педагогтарға, балаларға жақсы дамытушы орталар ұйымдастырылған. Мені ерекше қызықтырған лабиринт өте жақсы орналастырған, балалар зерікпейді, балалардың бос уақыты болмайды. Шығармашылық орта, ұлттық орта, қыз тәрбиесі бөлмелері бұрыштары ұйымдастырылғаны маған қатты ұнап отыр.
Педагогтардың біліктілігін арттыруға арналған жол картасы аясында 2023 жылдан бері балабақша меңгерушілері шет елдерге барып, тәжірибе алмасуда. Олар Сингапур, Жапония, Англия, Польша және Малайзияның бала тәрбиесіндегі әдістерін сараптап келді. Енді әр елдің ұтымды тәрбие үлгісін салт-дәстүрімізге сай кәдеге жаратып жатыр.
Әлия Сағиева, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл жерде тек қана балалармен жұмыс емес, бұл жерде жұмыс ата-анамен, бұл жерде жұмыс педагогтармен, оның үлкен бағасын ата-аналардан, балалардан көріп жатырмыз, алып жатырмыз. Қазір 35 жоба практикадан өтіп, балабақшалар жұмыс істеп жатыр, оның бәрін бұл тәжірибені біз бүкіл қаланың балабақшаларына таратып жатырмыз.
Бұл тәрбие әдісінің мақсаты – балаларды жастайынан еңбекке баулу, дербес шешім қабылдауға, ізденіске үйрету. «Дегенмен бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі маңызды екенін ескерген жөн», - дейді бөбекжай қызметкерлері.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов