Өзбекстанда 50 мың студент дуалды білім беру жүйесіне көшіріледі
Биыл Өзбекстанның жоғарғы оқу орындарында оқитын 50 мың студент дуалды білім беру жүйесіне көшіріледі.
Қазір елдегі 957 кәсіпорында 15 мың студент осы бағдарлама арқылы білім алып, жұмыс істейді. Дейтұрғанмен, зауыт - фабрикалардың жастарды өндірістік тәжірибеге тартып, еңбекақы төлеуге деген қызығушылығы төмен. Сондықтан кәсіпорындарды үкіметтік деңгейде ынталандыру тетіктері қарастырылып жатыр.
Жыл сайын Өзбекстаннның еңбек нарығына 600 мың жас кадр қосылады. Ал 2030 жылға таман бұл көрсеткіш 1 млн-ға жетпек. Жұмыссыздықты азайту мақсатында жоғарғы оқу орындарында дуалды білім беру жүйесі енгізілген. Дегенмен, бағдарлама өзінің тиімділігін толыққанды көрсете алмай отыр. Оның себебі жұмыс берушілер жастарды өз қатарына қосуға асықпайды.
Хамит Хәзіретқұлов, Ташкент тоқыма институты маркетинг бөлімінің басшысы:
- Дуалды білім беру жүйесін жолға қоюды мақсат етеміз. Біздің институттың 20 студенті қазір осы фабрикада жұмыс істейді. Жалпы Ташкенттегі 78 кәсіпорынмен жасаған келісіміміз бар. Бұл жүйе дипломын алған студентке, жұмыс іздемей өзі тәжірибеден өтіп үйренген жерінде қалуына жақсы мүмкіндік.
Студенттердің еңбекке ерте араласып, табыс табуына дуалды білімнің берері мол. Жоғарғы оқу орындарында бағдарламаға қызығушы жастар да көп. Бірақ олардың бәрін практикаға алуға мүмкіндік жоқ.
Әбинәбану Зейтулиева, студент:
- Біз бұл кәсіпорынға былтыр қазан айында келдік. Аптаның үш күнінде оқу оқып, екі күнінде осы жерде жұмыс істейміз. Көп нәрсені үйреніп қалдық. Себебі тәжірибе жүзінде барлығын көзбен көріп, қолмен істегенге жетпейді. Оған қоса еңбекақы аламыз.
Үкімет кәсіпорындарды ынталандыру үшін жеңілдіктер жасауды қарастырып жатыр. Қазір елдегі мыңға жуық зауыт фабрикада 15 мың студенттің жұмыс істеп, білім алуына жағдай жасалған. Ал биыл бұл көрсеткішті 50 мың жасқа жеткізу межесі тұр.
Дулат Нуркин