Абай облысында екі жайлы мектеп қолданысқа берілді

Абай облысында екі жайлы мектеп қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24KZ. Оның бірі Семейде, екіншісі Бесқарағай ауылында ашылды. 1500 орынға арналған қос білім ордасы барлық заман талаптарына сай жасақталды. Енді оқушылар робототехниканың соңғы жетістіктерін меңгеріп, халықаралық сайыстарда бақ сынай алады. 

10-сыныпта оқитын Арайлым Айдынқызы Қарағайлы шағын ауданында тұрады. Жаңа тұрғын алабында мектеп болмағандықтан, оқушы алыс жердегі білім ордасына автобуспен қатынап жүрді. Енді көптің қуанышына орай Қарағайлыда білім ұясы пайда болды.

Арайлым Айдынқызы, оқушы:

- Негізі баяғыда мен алысқа баратынмын. Әсіресе қысты күндері, суықта, аязда өте қиын болатын. Сол үшін осы мектептің ашылғаны өте пайдалы болды десем болады.

Ал Бесқарағай ауылындағы орта мектептің әбден тозығы шыққан. Мұнда сапалы білім алуға тиісті жағдай жасалмағандықтан, 496 оқушы жаңа мектепке көшірілді.

Еңлік Әжібекова, ата-ана:

- Өте тамаша мектеп ашылып жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Бұнда барлығы заманауи техникамен жабдықталған. Спорт үйірмесі, робототехника, өнер үйірмелері бар. Балаларымызға бар жағдай жасалған. Осыннан жақсы білім алып, өнерлі ақылды білімді азаматтар шығады деген сенімдеміз.

300 оқушыға арналған мектепте барлық жағдай жасалған. Робототехника кабинеттері мен ғылыми пәндерге арналған зертханалар, спорт және шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді.

Әсем Нүскенова, білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Мектептердің салынудағы басты мақсаты – ол жаңағы оқу орны тапшылығын азайту. Бүгінгі таңда біздің облысымызда оқу орнының дефицит болды. Сонымен қазір осы мектептермен сол мәселе шешіледі. Үлкен мәселе шешіліп, Бесқарағай ауданының оқушылары толыққанды үлкен екі типтік мектепте білім алады.

Қазір Абай облысында үш ауысымды мектептер мәселесі түбегейлі жойылған. Бірақ екі оқу орны апатты жағдайда. Олар алдағы уақытта жаңа кейіпке енеді. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде тағы үш мектеп бой көтереді. Оның екеуі күзде қолданысқа берілсе, біреуінің құрылысы биыл басталады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов