Қазақстанда «Союз-5» зымыран тасығышы ұшырылмақ

Қазірден бастап өз ғарышкерлерімізді дайындайтын арнайы бағдарлама әзірлеу қажет. Себебі ғарыш саласына кадр даярлау ұзақ мерзімді талап етеді. Дарынды жастарға жоғары оқу орындарында гранттар бөлу, студенттер үшін практикалық алаң беру, арнайы стипендиялар тағайындау, әлеуметтік қолдау шаралары арқылы болашақ ғарышкер-ғалымдарды тәрбиелеуді қолға алған жөн. Мәжілісмен Болат Керімбек осылай деп, Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.

Ол биыл желтоқсанда алғашқы коммерциялық мақсаттағы зымыран тасығыштарын ұшыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Бастама сәтті болса, 2028 жылдан бастап жылына 3 рет зымыран ұшыруға мүмкіндік бар. Әрі оған сұраныс өте жоғары. Мәселен, бір жерсерікті ұшыру құны 60 млн долларға дейін барады. Осы ретте елдегі «Бәйтерек» кешенінің әлеуетін пайдалану өзекті. «Бұл отандық ғылымның дамуы мен бюджет қазынасын толтыруға ерекше ықпал етеді», – деп атап өтті депутат.

Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінгі күні «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені объектілерінде 150 адам жұмыс жасайды. Ондағы қызметкерлердің жалақысы өте төмен, бұл білікті мамандардың кетуіне әкеліп отыр және кадрлар тапшылығын тудырып отыр. Сонымен қатар 2025 жылдың желтоқсанынан кейін «Союз-5» зымыран тасығышын дайындау және ұшыру бойынша қосымша 155 инженер маман қажет. Ондаған жылдар мен млрд-таған қаражат жұмсалған бұл жобаның одан әрі іске асуы үшін бюджеттік бағдарлама шеңберінде 590 млн теңге қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.