Қазақстанда Америка стандарты бойынша оқуға жол ашылды
Елордада алғаш рет отандық білім беру жүйесіне озық халықаралық стандарттарды енгізуге бағытталған воркшоп семинар өтті, деп хабарлайды 24KZ. Қатысушылар қазақстандық мектептер мен колледждердегі оқыту әдістерін жаңғырту бағдарламасын талқылады. Атап айтқанда, жасанды интеллектпен жұмыс және функционалдық сауаттылық деңгейін арттырудың жай-жапсары қаузалды.
Қазақстан оқушылары К-12 американдық стандарты бойынша ағылшын тілінде онлайн оқуға мүмкіндік алады. Бұл балабақшадан бастап 12-сыныпқа дейін оқытуды қамтитын АҚШ мектептеріндегі білім беру жүйесі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай әдіс олардың ой-өрісін кеңейтіп, академиялық дайындықтарын күшейтеді. Одан бөлек, түлектерге Қазақстан және Америка дипломын қатар алуға мүмкіндік береді.
Георгий Махвиладзе, коммерциялық емес швейцариялық білім беру қауымдастығының президенті:
- Біз әр оқушыға Қазақстан бағдарламасымен қатар Американың К-12 стандарты бойынша ағылшын тілінде оқуға мүмкіндік береміз. Олар 11-сыныпты бітірген соң қазақстандық және америкалық жалпы орта білім туралы аттестатпен бірге алып шығады. Бұл құжат түлектерге әлемнің үздік университеттеріне түсуге жол ашады. Оған қоса оқу процесін өздері бақылап үйренеді.
Оқыту курсына аптасына шамамен бес сағат кетеді. Оқушылар өздеріне ыңғайлы уақытты таңдайды. Әр дәрістен соң сабақты меңгеру деңгейін тексеру мақсатында тестілеу белгіленеді. Бұл білім алушыларға өткен материалды пысықтауға көмектеседі. Ата-аналар да баласының үлгерімін бақылай алады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, білім берудің мұндай тәсілі оқу бағдарламасын толық игеруге мүмкіндік береді.
Джейкоб Франком, Array Global Educational Services халықаралық аккредиттеу ұйымының атқарушы директорының орынбасары:
- Біз ниет білдірген әр мектеппен жұмыс істеуге әзірміз. Қазірдің өзінде Америка, Азия және Таяу Шығыстағы білім ордаларымен жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда аккредиттеу процесі толықтай сапаны жақсартуға бағытталған. Келешекте сол балалар биік белесті бағындырып, үлкен жетістіктерге жету үшін жасалған қадам.
Шара соңында қатысушылар халықаралық сарапшылардан өздерін мазалаған сұрақтар бойынша кеңес алды. Семинарға елдің түкпір-түкпірінен келген мектептер мен колледждердің директорлары қатысты.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Камила Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов