Елордада қазақ тілінен республикалық олимпиада жеңімпаздары марапатталды

Елордада қазақ тілінен «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасы мәреге жетті, деп хабарлайды 24kz.

Дәстүрлі додада мектеп оқушылары түрлі шығармашылық бағытта сынға түсті. Биыл қатысушылардың саны едәуір артып отыр. Олардың қатарында өзге ұлт өкілдері де аз емес.

Қазақ тілі олимпиадасы биыл 13-ші рет ұйымдастырылып жатыр. Мұнда шығарма, ән, сурет сайыстары мен ауыз әдебиетінен білгірлер бәйгесі өткізілді. Әр өңірдегі іріктеу кезеңдерінен үздік деп танылған жасөспірімдер Астана төріндегі ақтық сынға қатысты.

Адина Жұмабаева, жарыс жүлдегері:

- Олимпиада өте қызықты әрі мазмұнды өтті. Осы олимпиадада мен жаңа мақал-мәтелдер, жұмбақтарды құрастырып, әйгілі халықта бар мақал-мәтелдердің жалғасын жазып, қазақ әдебиетінде бар ертегіден, жыраулардан сұрақтар қойылды. Соған жауап бердім.

«Ауқымда шара арқылы қазақ тілін дамытумен қатар әдеби және мәдени құндылықтарымызды насихаттауға басымдық бердік», - дейді ұйымдастырушылар. Былтыр олимпиадаға 5 мыңдай оқушы қатысса, биыл олардың қатары екі мыңға көбейген.

Ержан Әубәкіров, «Білім-инновация» ХҚҚ бірінші вице-президенті:

- Бұл 7 мың оқушының 2 мыңы өзге ұлт өкілдері. Бұл да өте маңызды. Дәреже алған, қазақ тілінде тек өзінің білімін емес, шығармашылық қабілетімен алға шығып жатқан өзге ұлт өкілдері бар. Ән айтып және жаза білу, мысалы, қазақ тілінде таза сөйлейтіндер, білетіндер өте көбейіп жатыр.

Олимпиаданың қорытынды кешінде әр аталым бойынша жүлдегерлер марапатталды. Оның ішінде 11-сынып оқушыларына білім гранттары табысталды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мұрат Әріпханов