Қазақстан оқушылары халықаралық олимпиада жүлдегері атанды
Математика мен информатикадан Ташкентте өткен Әл-Хорезми атындағы халықаралық олимпиадада Қазақстанның ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте жүлделі орыннан көрінді, деп хабарлайды 24KZ. Жерлестеріміз математикадан 4, информатикадан 2 алтын еншіледі. Күміс пен қола медальдары тағы бар. Жалпы Қазақстаннан Ташкенттегі сайысқа 4 команда қатысты. Оның біреуі ұлттық құрама болса, үшеуі жеке мектептердің атынан шықты.
Әл-Хорезми атындағы халықаралық олимпиада осымен үшінші рет өтіп отыр. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп, қатысушы елдердің қатары көбейіп келеді. Биыл 9 елден 34 команда, яғни 205 оқушы математика мен информатикадан сайысқа түсті.
Ибрагим Ибатулин, Қазақстан ұлттық олимпиада құрамасының жетекшісі:
- Жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Себебі сайысқа қатысушылардың деңгейі өскен. Бәсікелестік жоғары. Мәселен, былтыр математикадан ең жоғарғы көрсеткіш 42 болса, биыл 80-нен 68 ұпай жинағандар тіркелді. Көптеген елден оқушылар қосылды. Малайзия, Түркия, Әзербайжаннан келіпті. Оқушылар үшін бұл олимпиада жақсы тәжірибе болды.
Қазақстанның 4 ұжымы жалпыкомандалық есепте жүлделі орыннан көрінді. Сайысқа тәжірибелі оқушылармен қатар алғаш рет қатысып, жеңімпаз атанғандар да бар. Солардың бірі – Нұрислам Дүйсенғали.
Нұрислам Дүйсенғали, математикадан халықаралық олимпиада жүлдегері:
- Олимпиада өте қызық өтті. Мен математика пәнінен жеңдім. Есептер өте қызық болды. Бұрын мұндай тапсырманы шешіп көрмеппін. Мен үшін бұл алғашқы және халықаралық олимпиададан орын алып тұрмын.
«18 алтын, 37 күміс, 55 қола медаль сарапқа салынған сайыс тартысты өтті», – дейді ұйымдастырушылар. Оқушылардың білім деңгейін әділ бағалау үшін сырттан төрешілер шақырылған.
Турабой Шерматов, ақпараттық технологиялар мектебінің директоры:
- Халықаралық олимпиада қатысушыларын әділ бағалау үшін Болгария, Тәжікстан, Иран, Беларусь елінен тәжірибелі төрешілерді тарттық. Олар сайыс басталмас бұрын оқушылардың барлық сауалдарына жауап берді. Бұл жаңашылдық сайысқа қатысушылардың өзіне деген сенімін арттырды.
Шілде айында Австралияда математикадан әлемдік дода басталады. Ташкенттегі білім бәйгесі оқушылардың дайындығын шыңдауға жақсы алаң болды.
Авторы: Дулат Нуркин