Ұлттық мектеп лигасының ақтық кезеңі басталды

Елордада Ұлттық мектеп лигасының ақтық кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл елдегі оқушылар арасындағы ең ауқымды спорт додасы. Финалға әр өңірде іріктеуден өткен 5 мыңнан астам оқушы жиналған. Ал бастапқы кезеңдерге қалалар мен шалғай ауылдардан 3 жарым миллионнан астам оқушы қатысты. Ұлттық мектеп лигасы 10 спорт түрін қамтиды. Олардың қатарында мектеп бағдарламасына енген футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, үстел теннисі, баскетбол, асық ату, гандбол ойындары бар. Елордадағы ақтық сын бәсекелерін спорт федерацияларының кәсіби төрешілері бағалайды. 

Гүлден Байзақова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұлттық дене тәрбиесі ғылыми-практикалық орталығының баспасөз хатшысы:

- Ұлттық мектеп лигасының мақсаты балаларды спортқа баулу. Ауыл мен үлкен мегаполистің арасында ешқанда айырмашылық жоқ дегенді көрсетті. Бәсекелестік әрине жоғары өйткені 4 кезеңнен сүрінбей өткен балалар.

Әлихан Бейбітбекұлы, ұлттық мектеп лигасының финалисі /Алматы облысы/:

- Ең бірінші районнан өтіп, облыста ұтып осы республикалық жарысқа кеп отырмыз. Жақсы деңгейдегі ойын көрсеттік. Бұл жердің атмосферасы бәрі бөлек енді. Енді біз Алматы облысының намысын қорғап келдік.