Былтыр халықаралық жарысқа қатысқан әрбір екінші оқушы жүлдегер атанған
Елімізде дарынды балаларға арналған 130-ға жуық мамандандырылған мектеп бар.
Онда 70 мыңнан аса оқушы білім алып, үздіктері халықаралық деңгейдегі жарыстарға жолдама алып жүр. Мәселен, былтыр Қазақстанда республикалық және халықаралық дәрежедегі 80-нен астам шара өткізілген. Оған бір жарым миллионнан аса оқушы қатысып, жүлделі орындардан көріне білді. Оқуда озат, есепке жүйрік балалардың білімін шыңдауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Өткен жылы 1800-ден астам оқушы Қазақстанның атынан халықаралық олимпиада мен байқауларға қатысып, ел қоржынына 500-ден аса медаль әкелді. Оның 285-і қола, 201-і күміс және 77-сі алтын. Яғни, жарысқа қатысқан әрбір екінші оқушы жүлдегер атанып, байрақты бәсекеде топ жарды.
Көрші елдердің көрсеткішімен салыстырғанда, бұл айтарлықтай үлкен нәтиже. Мәселен, Өзбекстан құрамасы аталмыш сайыстарда небәрі 120-дан астам медальды еншілеген.
Ғаждембек Тұрсынов, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы:
«2022 жылдан бастап президенттің қаулысымен дарынды балаларды қолдауға арналған арнайы бағдарлама шықты. Ол дегеніміз – халықаралық пән олимпиадасында жеңімпаз болған 7 беделді олимпиада бар: математика, физика, химия, биология, информатика, география секілді пәндер бойынша 100-ге жуық елдер қатысатын олимпиада бар. Осы олимпиаданың жеңімпазы болған оқушыларға арнайы мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Олар дайындаған педагогтер де 1 мезеттік сыйақыны алуға қазір жағдайлары бар».
Сәйкесінше үздіктер қатарынан көрінген 26 оқушы 77 млн теңгеден астам, ал олардың қарым-қабілетін ұштап, бәйгеге қосқан 24 ұстазға 6 жарым млн теңгеге жуық көлемде сыйақы табысталды. Халықаралық жарыста жүлделі орынға іліккен оқушыларға берілетін мұндай сыйақы елімізде 3 жылдан бері табысталып келеді. Ал Өзбекстан мемлекеті дарынды оқушылардың оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында оларға мемлекеттік сыйақы тағайындауды биылдан ғана қолға алды.
Турабой Шерматов, ақпараттық технологиялар мектебінің директоры:
- Орталық Азияның ортақ тарихын қарайтын болсақ, көп білім біздің аймақтан шыққан. Жаһанға жаңалық ашқан тұлғаларымыз қаншама. Сондықтан бұл бастама өткенді жаңартып, жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыру үшін жасалып отыр.
Ал физика-математика ғылымдарының кандидаты Гүлия Нұрбақова жыл сайын Әмір сынды 10-ға жуық оқушыны мыңдаған баланың ішінен іріктеп, халықаралық сайыстарға дайындайды. Мәселен, кеше ғана 8 оқушы Азия олимпиадасына аттанды.
Гүлия Нұрбақова, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент:
«Азиялық олимпиадан кейін тағы да біз олардың нәтижесі бойынша қорытындылап, бірінші бестік олар жазда шілде айында халықаралық олимпиадаға қатысады. Екінші бестік маусым айында еуропалық олимпиадаға қатысады».
Әмір Пішембаев, халықаралық олимпиада жүлдегері:
«Азиялық олимпиадада мен қола медаль алдым. Сосын халықаралық ғылыми физикадан олимпиададан, Ресейде өткен, мен содан күміс алдым. 59-халықаралық дүниежүзілік олимпиадада мен күміс медаль иегері атандым. Бұл маған үлкен мотивация берді. Олимпиада арқылы ЖОО-на әлемнің ең үздік университеттеріне түсе алдым. Сонымен қатар, мемлекет сыйақы берді».
Қазір көкжиегін кеңейтіп, білімін арттырамын дейтін балаға мүмкіндік көп. Кейінгі буын жан-жақты, бәсекеге қабілетті боп өсіп келеді. Бұл өз кезегінде, ұстаздарға артылар жауапкершілік жүгін көбейтіп, олардың заман ағымына сай үздіксіз дамуын талап етеді дейді ғалым.
Нұрзада Бейсен, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор:
«Кей кезде сол халықаралық олимпиадаларда отырғанда 100 бетке дейін жұмыстарды аударамыз. Ағылшын тілінен орыс не қазақ тіліне. Сол кезде біз таңқаламыз: мына есепті біз аударып, күндіз-түні ұйықтамай отырамыз. Ал балалар қалай жасайды? деп. Біздің балалар сол есептерді шығарып, эксперименттерді көрсетіп, бақылаулардың бәрін көрсетіп шыққанда біз өзіміз таңқаламыз. Балалардың қаншалықты жоғарғы деңгейде екеніне».
Алайда кіл жүйріктің ішінен оза шабу үшін теориялық білімнен бөлек, тәжірибелік дағдыларға да ден қою қажет. Бұл ретте доцент үздік оқушыларды дайындайтын арнайы базаның қажеттігін алға тартады.
Гүлия Нұрбақова – физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент: «Тәжірибеге келгенде кішкене ақсап жатамыз. Сол жағынан тәжірибелік тұрғыдан үлкен бір эксперименталды базалар. Ол базалар университет тарапынан және де халықаралық олимпиадаға дайындалатын эксперименталдық база болуы керек.»
Дарынды балалардың бағын жағуда осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Ауыл олимпиадасының» да үлесі зор.
Ғаждембек Тұрсынов, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы:
- «Биыл оқушыларды қамту 30 мыңға артып түсті. 100 мыңнан аса оқушы жалпы білім беру пәндері бойынша аталған олимпиадаға қатысып келеді. Мұндағы мақсат - ауыл мен қала оқушыларының арасындағы арагідікті қысқарту, ауыл балаларының да республикалық деңгейдегі олимпиадаларға қатысу мүмкіндігін қарастыру. Кеше ғана бұл олимпиада 7 өңірде аяқталды. 1500-ға жуық бала қатысты бұл олимпиадаға 15 пән бойынша, соның ішінде құқық пәні бойынша абсолютті жеңімпаз атанған ауыл оқушысы».
Олимпиададан бөлек ғылыми жоба жасап, ізденісте жүрген жасөскіндер қатары да аз емес. 190 елдің оқушылары сынға түсетін First Global Challenge халықаралық сайысында еліміздің 3 бірдей оқушысының жеңіс тұғырынан көрініп, беделді жоғары оқу орнының грантын иеленуі соның бір дәлелі.
Назым Қайрат, Сержан Жұмабаев