Алматы студенттері «Мисс Бизнес-2025» байқауында жобасын қорғады
Алматыда колледж студенттері арасында республикалық «Мисс Бизнес-2025» байқауы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Екі күн бойы еліміздің барлық өңірінен келген қыздар өз идеяларын ұсынып, шығармашылық тапсырмаларды орындайды. Ал табысты кәсіпкерлерден құралған қазылар алқасы студенттердің көшбасшылық қасиеттерін, ойлау қабілетін және идеяларды сарапқа салады.
Қорытынды кезеңге 50 қатысушы өтті, жалпы байқауға 30-дан астам команда тіркелген. Байқау «Мен кәсіпкермін» мемлекеттік бағдарламасы аясында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр. Мақсат – жас қыздардың жеке кәсіп бастауына қолдау білдіру.
Альфия Хисматуллина, ұйымдастырушы:
- Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Біріншіден, кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту қажет. Менің ойымша, колледж қабырғасында өз ісін бастауға, оны жүргізуге үйрету керек.
Байқаудың бірінші күні қатысушылар өздерінің қызығушылықтары туралы айтып, бизнес-жобаларын қорғады. Оған тек 5 минут уақыт берілді. Байқауда жеңіске жеткендердің жоғары оқу орнының білім грантын ұтып алу мүмкіндігі бар. Ал ертең талқылау кезінде тәжірибелі кәсіпкер әйелдер өздерінің жетістіктерімен бөлісіп, кеңестер береді. Қатысушыларға бизнесте алғашқы қадамдарды жасау жолдарын көрсетеді.
Ақерке Бауыржан, колледж студенті:
- Бізде қазіргі таңда туристерге арналған, яғни туризм саласын дамытуға арналған сапалы әрі ерекше дизайнда жасалған сувенирлік өнімдерге сұраныс артып жатыр. Қазіргі таңда сублимация аппараты арқылы футболка, соларды шығарамыз. Бізге ары қарай осы жобаны жалғастыру үшін және сапасын арттыру үшін 3Д, кескіш аппараттары керек болады. Жалпы біздің мақсатымыз – Ұлытау өңірінің құндылықтарын қайта дәріптеу.