Елордада «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасы өтті
Елордада «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды.
Білім бәйгесіне еліміздің барлық өңірінен 9 бен11- сынып аралығындағы 5 мыңға жуық оқушы қатысып, олимпиаданың ақтық кезеңіне 192 оқушы өтті. Бас жүлдені Түркістан облысынан келген «Достық» командасы жеңіп алды. Сонымен қатар 11-сыныптың 8 үздік оқушысына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Narxoz (Нархоз) университеті білім гранттарын табыстады. Лев Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында өткен жобаны Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы мен "Білім-Инновация" халықаралық қоғамдық қоры бірлесе жүзеге асырды.
Еркежан Төлбасы, «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасына қатысушы:
- Бұл олимпиадаға жалпы 1 ай көлемінде дайындалдық. Үш кезеңнен тұрды. пікірсайыс, білімпаздар және тілшілер секілді кезеңдерден тұрды. Ең қызықты болғаны дебат болды. Себебі пікірсайыс арқылы өзіміздің көкжиегімізді кеңейттік, көптеген мәселелер арқылы танымымызды арттыра білдік.
Дархан Өте, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті:
- «Ана тілі» зияткерлік олимпиадасы бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Басты ерекшелігі бұл 21-ғасырдың табысты тұлғасына айналу мәселесінде негізгі 4 дағды керектігі айтылады. Олар: шығармашылық ойлау, топпен жұмыс істеу, коммуникация және жасампаздық. Міне осы олимпиада балалардың бойында осы дағдыларды дамытуға арналған.