Мектепке дайындық: 500 мың балаға материалдық көмек көрсетіледі

Биыл 341 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады.

Ал 232 мың оқушы 11-ші сыныпқа аяқ басады. Жаңа оқу жылының ерекшелігі –  орта білім беру жүйесіне  жасанды интеллект енгізілмек. Бұл жайында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында баяндады. Сондай-ақ ол жаңа оқу жылынан бастап 3 мыңнан астам педагог Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Келешек мектептері» моделі бойынша жаңаша жұмыс істей бастайды. 

Жаңа оқу жылы қарсаңында 500 мың балаға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Үкімет басшысы: «Бұл мақсатқа бюджеттен 23 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған», – деді. Жергілікті әкімдер бұл тапсырманы уақытылы орындауға тиіс.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Жаңа оқу жылының қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж балалардың барлығына дер кезінде материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге 1-қыркүйекке дейін барлық оқушыларды оқулықтардың толық жиынтығымен қамтамасыз етсін. Мектептегі тамақтандыру сапасы балалардың денсаулығы мен дамуы үшін маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері тамақтандыру стандарттары мен санитариялық нормалардың сақталуына бақылауды күшейтуі қажет.

1 қыркүйекте 83 мектеп пайдалануға беріледі

Қазір ел бойынша 267 мың оқушыға арналған 232 мектеп салынып жатыр. 1 қыркүйекте оның 83-і пайдалануға беріледі. Яғни 115 мың оқушы су жаңа парталарына жайғасады. Ал жыл соңына дейін қалған 111 мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ 145 ауыл, 100 қала мектебі жаңартылып жатыр. Алайда бірқатар өңірде оқу ошақтарын жөндеу жұмыстары жоспарға сай орындалмау тәуекелдері бар.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

-2025 жылы 69 мыңнан астам оқушы білім алатын 1 мың ауыл мектебін модернизациялау жоспарланған. Қазіргі таңда бұл жоспар 733 мектепте немесе 73,3%-ға орындалды. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында модернизациялау жоспарының толық орындалмау тәуекелдері бар. Әкімдіктерден тиісті қаражат бөліп, межеленген жоспарларды жыл соңына дейін толық орындауды сұраймыз. 

Биыл 10 мыңнан астам студент жатақханамен қамтылады

Жаңа оқу жылында 93 мың студент грант алды. Ал жатақхана жайы қалай болмақ? Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім қуған жастар үшін биыл 29 студент үйі салынатынын жеткізді. Бұл қосымша 10 мыңнан астам жатақ орын. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

-Студенттер үшін оқу жылының басында маңызды мәселелердің бірі – жатақханаға орналасу. Жалпы өткен оқу жылында жатақханаға деген тапшылық Астана және Алматы қалаларында ғана байқалды. Биыл Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан басқа өңірлерде жатақханаға деген тапшылық жоқ. 2025 жылға 10439 орындық 29 жатақхананы іске қосу жоспарланған. 

Олжас Бектенов: 34 мектептің жөндеу жұмысы созылып кетті

Оқу жылы басталарға жақын. Бірақ 34 мектептің жөндеу жұмыстары созылып жатыр. Олжас Бектенов әкімдіктерге осыны қатаң бақылауды жүктеді. Министр Астана мен Алматы қалаларында үш ауысымды мектептер әлі де барын жасырмады. Соған орай құрылыс қарқынын күшейтуге барынша ден қосылып отыр. Қауіпсіздік талаптарын сақтау да тағы бір мәрте ескерілді.

Авторы: Рухани Әбдірахман