Жаңа оқу жылында 4,1 млн оқушы партаға отырады

Қыркүйек айында ел бойынша 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп ашылады.

Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 57 білім ошағы пайдалануға беріледі. Сол секілді 10 мыңнан астам студентке жатақханалар салынып жатыр. Биыл аз қамтылған отбасылардың балалары үшін бюджеттен 23 млрд теңге бөлініп, 500 мыңнан астам оқушы материалдық-әлеуметтік көмек алады. 

Қазір елде 8 мыңнан астам мектеп болса, Білім күні 4 млн 1 жүз мың оқушы партаға отырады. Оның ішінде 340 мыңнан астамы «Алтын ұя» мектепке алғаш қадам басатындар. Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі – балалар жасанды интеллектіні кеңінен меңгеруге көшеді. Ол үшін «Цифрлық сауаттылық», «Информатика» пәндері жетілдірілді. Сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа стандартқа сай білім беріле бастайды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында. Оқушылар мен студенттердің жайлы оқуын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелерін салу және жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Олардың толыққанды жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету – маңызды міндет. Мектептердегі үш ауысымды оқыту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді.

Ел бойынша 232 мектеп салынып жатыр

Үш ауысымды мектеп демекші, Оқу-ағарту министрі кей жерде мектеп орнына тапшылық барын ашық айтты. Қазір ел бойынша 232 мектеп салынып жатыр. Бәрі жоспарға сай тапсырылса, мәселе шешімін табады. Үкімет басшысы әсіресе «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберіндегі 15 нысанның құрылысын жеделдету қажеттігін ескертті. Ал 34 мектепте күрделі жөндеу жұмысының қарқыны баяу. Олжас Бектенов «бұл Алматы қаласы, Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Алматы облыстары» деп тізбектеп өтті. Сосын, қарқынды қолға алу керектігін жергілікті әкімдердің қаперіне берді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Сонымен қатар биыл 680 мектепке 1 100-ге жуық пәндік кабинет сатып алу жоспарлануда. Қазір 853 мектепте пәндік кабинет сатып алынып, жоспардың 77,5%-ы орындалды. Дегенмен, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында сондай-ақ Астана, Алматы қалаларында пәндік кабинеттерді сатып алу жоспарының толық орындалмау тәуекелі байқалады. Әкімдіктерден тиісті қаражат бөліп, межеленген жоспарларды жыл соңына дейін толық орындауды сұраймыз.

Биыл 10 мыңнан астам студент жатақханамен қамтылады

Биыл ҰБТ жемісті өтті. Мемлекеттік грант иегерлері «бөрігін аспанға атып» қуанғанына бірер күн бұрын куә болдық. Жалпы саны 93 мыңнан астам грант бөлінді. Енді жатақхана мәселесі шешілсе. Ғылым және жоғары білім министрі студенттер үйіне тапшылық былтыр Астана мен Алматы қалаларында ғана байқалса, биыл Алматыдан басқа өңірлерде жатақханаға тапшылық жоқ екенін жеткізді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Студенттер үшін оқу жылының басында маңызды мәселелердің бірі жатақханаға орналасу. Биыл 2025 жылда 10 439 орындық 29 жатақхана іске қосылады. Студенттер оқу жылынан бастап екі қалаға көп келеді. Астана мен Алматы. Сондықтан біз алдыңғы жылдардың тәжірибесін ескере отырып арнайы ахуалдық орталықты іске қостық. Жатақханаға орналасу үшін берілетін өтінштің форматы оңтайландырылды. Өткен жылдан бастап студенттерге жатақхана беру қызметі автоматтандырылған проактивті форматқа көшірілді.

Білім беру орындарына бейнебақылау орнату мәселесі әлі де өзекті. Онсыз балалардың қауіпсіздігіне кепілдік беру қиын. Қазір елдегі жекеменшік білім беру мекемелерінің 30%-ы тиісті жабдықпен қамтылмаған. Үкімет басшысы жаңа оқу жылында барлық өңірде лицензиясы бар күзет, турникеттер, жедел басқару орталықтарына қосылған бақылау жүйелері міндетті түрде болуы тиіс, деп тапсырды. 

Рухани Әбдірахман, Марат Диханбаев