Қ.Тоқаев: Ұстаздар ұдайы ізденісте болуы тиіс
«Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек». Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында осылай деді.
Мемлекет басшысы білім сапасын жақсарту керек екенін айтты. Жалпы білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы – өте маңызды мәселе. Жоғары оқу орнында алған біліммен шектеліп қалуға болмайды. Озық ойлы шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Балалардың оқуға зейінін ашатын әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген абзал. Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн. Озық тәжірибені еліміздің болмысына бейімдеу керек. Білім саласында ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Салдары өте ауыр болуы мүмкін.