Алматыда білім саласында тәлімгерлік жоба қолға алынды
Алматыда «Мектепке арналған мектеп» әлеуметтік жобасы іске қосылды.
Мақсат - тәлімгерлік арқылы мектептің әлеуетін көтеру. Пилоттық жоба аясында көрсеткіші орта деңгейдегі мектептерге үздік білім мекемелерінің тәжірибесі енгізіледі. Жоба бір жылға созылады. Қомақты табысқа жеткен, түлектері елдегі және шетелдегі университеттердің гранттарын иеленіп жүрген Ораз Жандосов атындағы № 105 гимназия менторлық қызмет атқарады. Яғни гимназия ұстаздары қаланың әртүрлі аудандарынан таңдалған мектептерге төрт бағыт бойынша тәлімгерлік жасайды. Бағдарлама әкімшілік-басқарушы кадрмен, педагогтар құрамымен, сондай-ақ, оқушылар, ата-аналармен жұмысты қамтиды. Жоба қалалық білім басқармасы мен Алматы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен қолға алынуда.
Салтанат Әскербекқызы, жоба модераторы:
- Бүгінгі таңда өздеріңіз білесіздер, баланың көңілі назары әртүрлі әлеуметтік желі, керек емес зиян контентке кетіп жатқан кезде бұл жобаның мақсаты Қазақстаның болашақ азаматтарын әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті етіп шығару. Ол қалай жүзеге асады? Спорт құралдары, подкастинг, өнер арқылы, яғни балаларды ынталандыру баулу арқылы кәдімгідей практикалық тұрғыда жүзеге асатын тамаша жоба.
Эльмира Молотова, О. Жандосов атындағы №105 гимназия директорының орынбасары:
- Біздің мектеп әдістемелік бағыт бойынша жетекшілік етеді. Семинарлар ұйымдастырып, тәжірибиемізбен ашық түрде бөлісуге дайынбыз. Қараша айында төрт мектептің қатысуымен қалалық конференция жоспарланған. Оқушылардың зерттеушілік қабылетін дамытатын әдістемемізбен таныстырамыз.