Студенттер ЖИ дағдыларын меңгеріп жатыр
Ақтауда 90 студент білім, өндіріс және ІТ салаға жасанды интеллект енгізу дағдыларын меңгеріп жатыр. Ғылыми-инновациялық бағыттағы дәріс былтыр қолданысқа берілген технопаркте өткізіледі. Болашақ мамандардың алды киберқауіпсіздік, мобильді қосымша жасаудың қыр-сырын үйреніп, кейбірі веб-сайтқа код жазуды қолға алған.
Жалпы ІТ саласының маманы негізінде мынаны білуі керек: жүйемен өзіндік қарым-қатынас құру, жүйенің тілін түсіну және жұмыс жүргізу.
Саят Түйебай «Компьютерлік технология және жасанды интеллект» факультетінің 3-курс студенті. Оның ІТ салаға деген қызығушылығы мектеп жасынан басталған. Бұл бағытта білімін жетілдіруге технопаркте барлық жағдай жасалғанына қуанышты. Болашақ мұратым – әлемге танымал «Smart-үй» жобасының қазақстандық үлгісін жасау, - дейді ол.
Саят Түйебай, студент:
- Қазіргі уақытта сол «Ақылды үй» бойынша қазақстандық өнім жоқ. Қызығушылықпен қарамды. Көбінесе Ресейден немесе Қытайдан келеді, осы жаққа жеткізеді екен. Көбісі тіптен ондай үйдің бар екенін де білмейді екен. Бізге технопарк 24/7 сағатқа ашық. Үйде орындайтын тапсырмамды осында келіп, неше сағат болса да орындай берсем болады.
Ерлан Түргенбаев, оқытушы:
- Үш кезеңді сұрыптамадан өткеннен кейін 90 баламыз осы екі жылдық білім беру бағдарламасына бара жатыр. Бұл екі жылдың 1,5 жылында біздің балаларымыз 17 әлемге керекті, қазіргі ІТ салаға керекті тілдерді үйренеді. Содан кейін қалған 6 айында өздері 6 бағыт бойынша маман болып шығады.
Студенттердің ІТ саланы меңгеруіне жол ашқан технопарк жергілікті университет базасында былтыр іске қосылды. Жасанды интелектке баулу «01 Edu» бағдарламасы негізінде жүзеге асады. Жастар блокчейн, криптовалютаның қыр-сырын түсініп, компьютерлік ойындар мен мобильді қосымша жасауды үйренеді. Сонымен қатар, стартап жобасын жетілдіруге мүмкіндік алады.
Берік Ахметов, жоғары оқу орнының ректоры:
- Бұл жасанды интеллекттің платформасы. Бұл жерде оқытушылар жоқ. Әрбір студентке адаптивті түрде жеке-дара контент ұсыну арқылы өзіндік бір дағдыларды немесе білімдерді игеру мүмкіндіктерін туғызатын платформа. Біздер 4 мыңнан астам студентті осы «AI-Sana» бағдарламасына оқытып, олар келесі кезеңде Астана хабтың базасында өзінің дағдыларын жетілдіреді.
Маңғыстауда ІТ мамандарына сұраныс жоғары. ЖИ дағдыларын меңгерген жастардың келешек өз білімін өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардың жұмысын цифрландыруға арнайды деген сенім бар.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев