Қазақстан мен БАӘ ЖИ мен кванттық технологиялар саласында әріптестік орнатады
Қазақстан Біріккен Араб әмірліктерінің жасанды зерде университетін құру тәжірибесін зерделейді, деп хабарлайды 24kz.
Қос тарап осы бағытта тиімді ынтымақтастық орнатып, кванттық есептер мен блокчейн саласындағы әлеуетті бірлесіп нығайтуға ден қойды. Бұл жайында Абу-Дабиде өткен «AI Futures» саммитінде белгілі болды. Басқосуға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен араб жеріндегі қазақ дипломатиялық миссиясының жетекшісі Рауан Жұмабек қатысты. Саммитте «AI» мүмкіндіктерін білім беру ісінде кеңінен қолдану, ғылыми-зерттеулерге жан-жақты енгізу жайы сөз болды. Әмірліктегі жасанды зерде университетінің тәжірибесі таразыланып, таяуда жұмысын бастаған кванттық есептеу институтының тиімділігі де назарға алынды. Министр бұл зерттеу орталықтарының қай-қайсы да Қазақстан үшін тиімді екенін атап өтіп, елде жүзеге асып жатқан блокчейн және AI бастамаларына тоқталды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Бізге Араб Әмірлігінің 3 тәжірибесі қызықты. Біріншісі жасанды интеллект университетін қалай құрды, қандай серіктестермен құрды. Бізде де ақырын ойлануымыз керек. Қазақстанда үлкен жасанды интеллект зерттеуші университет құру ісін пысықтауға. Екіншісі – кванттық компьютинг. Қазір кванттық есептер жаңа деңгейге шығып жатыр. Үшіншісі ол – блэкчейн. Бізде де қазір Президентіміз Жолдауында блокчейн, биткоин, леджер деген технологияларға да Қазақстан көшу керек деді.
Министр Әмірлікке сапары аясында жергілікті жоғарғы оқу орны жетекшілерімен кездесті. Соның бірі – Абу Дабидегі «Сорбонна» университетінің ректорымен өтті. Саясат Нұрбек пен Натали Марсьяль-Браз Қазақстанда франция оқу ордасының кампусын салу, білім беру бағдарламасын әзірлеу сынды мәселелерді талқылады. Атом энергетикасы мен AI саласына маман даярлау бастамасы да тілге тиек етілді. Бұл ауқымды істерге қатысты нақты келісім алдағы уақытта жасалады. Тараптар келіссөзді одан әрі жалғастыратын болып келісті.
Натали Марсьяль-Браз, Абу-Дабидегі «Сорбонна» университетінің ректоры:
- Біздің университет үшін қазір халықаралық ынтымақтастықты кеңейту аса маңызды. Осы тұрғыда Қазақстанда арнайы өкілдік немесе ірі кампус ашу мүмкіндігін қарастыруды қолға алдық. Жобаны жүзеге асыру үшін басым бағыттар мен білім беру бағдарламаларын және өзара тиімді әріптестік жолдарын айқындап алуымыз керек. Соның аясында атом энергетикасы мен жасанды зерде салаларын қамту көзделген. Қорыта айтқанда, біз қазақстандық әріптестерімізбен мазмұнды әрі жоғары деңгейдегі академиялық серіктестік орнатуға мүдделіміз.