Бірлескен білім бағдарламасы 

Қазақстандық студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет басшысы бастаған делегацияның Вашингтонға сапары барысында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Аризона Университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Жоба академиялық тәжірибе алмасуға және ғылыми бағдарламаларды бірлесе игеруге негізделген. 

Енді қазақстандық студенттер елден шықпай-ақ америкалық оқу бағдарламаларын игере алады. Ол үшін онлайн оқуға тіркелу немесе мұхит асып, АҚШ-қа сапарлау қажет емес. Студенттер мен оқытушылар үшін халықаралық гранттар мен зерттеу ресурстары қолжетімді болады.  Бұл туралы қазақстандық делегацияның АҚШ-қа жасаған сапары барысында келісімге қол қойылды.  

Арида Тұрымшаева, М. Әуезов атындағы оңтүстік қазақстан университетінің халықаралық қатынас орталығының директоры:

- Бұл бағдарлама 3+1 моделімен жұмыс жасайды. Яғни оқитын студенттер үш жыл Қазақстанда, бір жыл Америкада білім алу мүмкіндігіне ие болады және компьютерлік технологиялар, химиялық инженерия және әлемдік үздік білім беру бағдарламаларына қол жеткізеді.

Бұл жай ғана құжат түрінде жасалған келісім емес. Жоба аясында қазақстандық студенттер қос диплом алып, бірлескен зерттеу бағдарламаларын игереді. Яғни елде жүріп-ақ америкалық стандарттар бойынша білім алады. 

Нұржан Айнабеков, Ғылыми талдамалық ақпарат орталығының басшысы:

- Бұл бағыттар бізде тектен тек алынған жоқ. Бұл бағыттарды біз приоритеттік бағыттар деп есептеп, еліміздің, өңіріміздің экономикасына қажетті бағыттар деп осы computer science, international trip, management marketing және cam бағыттарын таңдадық.

Халықаралық ынтымақтастықтың жаңа форматын шетелдік сарапшылар да жоғары бағалап отыр. Олардың пікірінше, жоба қазақстандық білім беруді әлемдік академиялық кеңістікке интеграциялаудың үлгісі болады.

Дуглас Хартман, Мичиган университетінің профессоры:

- Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы әріптестік қатынастар қазір өте маңызды деп санаймын. Ынтымақтастықтың көптеген жолдары бар және менің ойымша, біз оларды енді ғана зерттей бастадық. Жақында қос Президент Тоқаев пен Трамптың кездесуі көптеген мүмкін бағыттардың басталғанын көрсетті. Бұл  америкалық ғалымдар үшін Қазақстандағы әріптестермен ғылыми байланыс орнатуға зор мүмкіндік береді. 

Бағдарламаның алғашқы легіне жоғары оқу орында оқып жүрген студенттер мен қосымша іріктеуден өткен жастар қабылданды. Олар үшін ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын тегін курстар ұйымдастырылды. Жоба ғылым және жоғары білім министрлігінің Білім гранттары есебінен қаржыландырылады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов