ШҚО: шекарадағы ауылда мектеп салынды
Шығыс Қазақстанда шекара шебіндегі ауылдардың мектебі жаңартылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Кейінгі екі жылда 4 білім ордасы қолданысқа берілді. Саман кірпіштен салынған ғимаратта оқып келген ауыл балалары енді жайлы, жарық мектепке көшті. «Шалғай ауылдағы білім сапасы қала мектебінен кем болмауы керек», – дейді сала мамандары.
Тарбағатайда саманнан салынған ескі мектеп көп болатын. Қазір саны азайды. Ауыл баласына сапалы білім беру мақсатында заманауи ғимараттар тұрғызылып жатыр. Күрежолдың бойындағы Тәуке ауылының тұрғындары да жаңа мектепті ұзақ күтті.
Тәукеде талай мектеп болған. Алғашқы мектеп осыдан 35 жыл бұрын жер сілкінісіне шыдас бермей, қабырғасы қақырап, апатты деп танылады. Соңынан, мінеки, тағы да жаңа білім ошағы салына бастап, тоқырау жылдары тоқтап, сол беті қаңырап қалады. Ақырында ауылдағы түтін саны азайып, бірнеше ұрпақ мына аядай кеңседен біліп алып ұшты.
Көмірмен жылытылатын көне кеңсе жамап-жасқап ұстағанның нәтижесінде ғана осы күнге дейін шыдап келгенген сыңайлы. Спортзал, пән кабинеттері деген атымен жоқ.
Ұлжан Масалимова, Тәуке ауылдық шағын жинақты мектеп директоры:
- Балабақша болған сол ғимаратқа барып оқыған болатынбыз, үлкен кабинеттердің ортасын бөліп, екі сынып жасап деген секілді. Сондай қиындықтан өткенбіз. Шағын ауылмыз, әрине, 54 отбасы, 227 тұрғын тұрады, шағын ауыл болса да, оқушыларға сапалы білім беру үшін жайлы, дұрыс орын болғаны дұрыс қой.
Бұл қиындықтың бәрі артта қалды. Іші-сырты жарқыраған мектеп салынып, ұжым толықтай осы жерге көшті. Бұл әсіресе оқушылардың еңсесін көтеріп, ынтасын арттырған.
Еркеназ Тоқанова, оқушы:
- Бұл мектептің салынғанын біз 1,5-2 жылдай күттік, қазір өте жақсы. Мектеп өте кең, жарық, жылы. Осы мектепке құштарланып, сабаққа келгіміз келіп тұрады.
Мұнда 40-тан астам бала білім алса, шағын орталықта 25 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Шекара іргесіндегі Шолақорда ауылында да осындай ғимарат қолданысқа берілді. Сарыөлеңде де саман кірпіш орнына жаңа нысан салынып жатыр. «Ендігі мақсат – шалғайдағы ауылдарда түтін санын көбейту», – дейді мамандар. Осы орайда оңтүстік жақтан ондаған отбасы көшіріліп әкелінді.
Ержан Сабырбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары:
- 2025 жылы бізге 21 отбасы, 70 адам көшіп келді. Ол шалғай жатқан шекаралық ауылдардың бірі. Соның бірін айтсақ, Асусай елді мекеніне, Жаңауылға, Бозша ауылына, Ақжар ауылына көшіп келіп жатқан азаматтар бар.
Тарбағатайдан басқа, Зайсан, Марқакөл, Күршім, Самар аудандарында да мектеп құрылысы жүріп жатыр. Осылайша жалпы 500-ден астам ауыл баласы келер оқу жылын жаңа ғимаратта қарсы алады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов