Шетелде оқитын жастардың саны артты

Қазақстан шетелде білім алатын студенттердің саны бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында. UNESCO деректері бойынша, 90 мыңнан астам қазақстандық шетелде оқиды. Халықаралық филиалдардың ашылуы мен серіктестік бағдарламалары жергілікті университеттерге қызығушылықты арттырып отыр.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің берген дерегіне сәйкес, 2024-2025 оқу жылында елдегі студенттердің жалпы саны шамамен 624 мың адамды құрады. Оның 90 мыңы шетелде оқиды. Қазақстандық студенттер үшін негізгі бағыттар – Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея. Сарапшылар: «Таңдауға көбіне қолжетімділік пен мемлекеттік шәкіртақылар берілетіндігі әсер етеді», - дейді. Бүгінде Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық оқиды. Оқу көбіне тегін немесе квота бойынша субсидияланады. Ал Қытайда шамамен 12 мың студент бар. Бұл елге баратын жастар арасында медициналық және техникалық мамандықтар мен ағылшын тілінде берілетін бизнес бағдарламалары сұранысқа ие. АҚШ пен Ұлыбританияға жыл сайын шамамен екі мың студент аттанады. Ал Оңтүстік Корея мен Гонконг жоғары технологиялық білім алғысы келетін студенттер үшін танымал. 

Білім бағыттарына келсек, шетелде білім алатын түлектеріміздің арасында ең көп таңдайтын салалары - экономика, инженерлік іс, IT, медицина және дизайн. Студенттердің 30 пайызы экономика мен кәсіпкерлікпен байланысты мамандықтарға тапсырады. Олар банк секторы, жобаларды басқару, қаржы және стартап индустрияға жол ашады. Ал инженерлік ғылымдарды түлектерді 24% таңдайды; Сұранысқа азаматтық құрылыс, машина жасау, мұнай-газ және энергетика салалары ие. IT және жасанды интеллекттіге жерлестеріміздің 22% пайызы қызығады. Көбіне бағдарламалау, деректерді талдау, машиналық оқыту, киберқауіпсіздік сияқты мамандықтарға түседі. Ал қалғандары медицина, биотехнология, дизайн, сәулет және гуманитарлық ғылымдарды таңдайды.

Бүгінде түлектерге қалаған мамандығын меңгеруге көмектесетін түрлі жобалар бар. Болашақ мемелекеттік бағдарламасы шекара асып, білім алам дейтіндерге қолдау көрсетеді. 2023-24 жылдардың өзінде 946 шәкіртақы берілген. 1993 жылдан бері жұмыс істеп жатқан бағдарлама елдегі ең білімді жастарға қолдайды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің The Times of Central Asia басылымына берген сұхбатында әлем мемлекеттерімен білім саласында ынтымақтастық ұлғаятынын айтты. Алдағы уақытта елде шетелдік университеттердің ірі филиалдарын ашу жоспарланған. Сарапшылар: «Бұл қадам білім сапасын арттырып, мамандарымыздың әлемдік нарықта беделін күшейтеді», - дейді.

Авторы: Әйгерім Ардаққызы