Эстония президенті студенттермен кездесті
Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Алар Карис Назарбаев университетінің студенттерімен кездесіп, дәріс оқыды. Эстония басшысы жаһандану кезеңіндегі білімнің маңызына тоқталып, жасанды интеллектінің оқу үрдісіне тигізер әсерін баяндады.
Сондай-ақ қос мемлекет арасындағы тарихи және мәдени байланыстарды тілге тиек етіп, ғылыми инновациялық шешімдер арқылы жастарды даму үдерісіне дайындау қажеттігін алға тартты. Дәріс соңында мемлекеттік саясат, жасанды интеллект және өзге де бағыттар бойынша тәлім алып жатқан студенттердің сауалына жауап беріп, ақыл-кеңесімен бөлісті.
Алар Карис, Эстония Республикасының президенті:
- Біз цифрландыру үрдісін 30 жыл бұрын бастадық. Студенттеріміз жасанды интеллектіні қолдану тәсілдерін критикалық ойлау және критикалық оқытумен бірге меңгеріп жатыр. Әрине алдымен мұның заңнамалық тұрғыдан реттелгенін де айта кету керек. Өйткені бірнеше тілде қызмет көрсететіндіктен, кейбір құқықтық мәселелердің туындайтыны анық. Алайда біз олардың бәрін еңсереміз деген ойдамын.