Елімізде IT-архитекторлар тапшы

«IT-архитекторлар академиясын құру – уақыт талабына сай қабылданған маңызды шешім». Цифрландыру саласының маманы Виталий Пустовойтенко осылай дейді. Оның айтуынша, кибер қауіп-қатер көбейген қазіргі кезеңде елге кәсіби мамандар ауадай қажет.

Бүгінде код жазу, бағдарлама жасау жеткіліксіз. Кәсіби мамандар деректерді қорғап, тұтас жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан сапалы IT-архитекторлар шоғырын қалыптастырудың мән-маңызы жоғары.

Виталий Пустовойтенко, IT-архитектор:

- Елімізде IT-архитекторлар тапшы. Жалпы алғанда біз IT жүйелерін дамытып жатырмыз, қағаз жүзінде бәрі жақсы сияқты. Әр жүйе өз ішінде жақсы жұмыс істейді, бірақ тек аймақтық деңгейде. Ал мемлекеттік ауқымда, бүкіл цифрлық экожүйе тұрғысынан қарастырғанда архитектролар жеткіліксіздігін байқаймыз. Қазір киберқауіпсіздікке байланысты қиындықтарға неге жиі тап болып жатырмыз? Себебі бұрын мұндай сын-қатерлер болмады. Жүйелер қалай бар, солай жобаланды. Ал қазір орасан зор қауіптермен бетпе-бет келіп отырмыз. Киберқауіпсіздік мамандары болса, тек «тесіктерді жамап» үлгеруге тырысып жатыр.