Қазақстанда IT-архитекторлар академиясы құрылады
Қазақстанда алғаш рет IT-архитекторлар академиясы құрылады, деп хабарлайды 24KZ. Нақтырақ айтсақ, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Цифрлық үкіметті қолдау орталығы жаңа білім беру платформасын іске қоспақ. Мұндағы мақсат – мемлекеттік деңгейде цифрлық шешімдерді әзірлеуге және дамытуға қауқарлы білікті мамандарды даярлау. Осы арқылы цифрландыру саласының кадрлық әлеуетін арттырып, тұрақты IT-экожүйені қалыптастыру міндеті көзделіп отыр.
Цифрландыру жүйесі қанатын кеңге жайғанымен, еліміздің ақпараттық технологиялар құрылымында әлі де түйіні тарқамаған тетіктер көп. Мәселен, цифрлық платформаның дені өзара қабыспаған, салдарынан бірдей қызметті атқаратын ақпараттық жүйенің бірнеше көшірмесі пайда болған. Жағдайды реттеу үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірыңғай цифрлық архитектураны құруға бекінді. Сол арқылы дайын модульдер мен жүйелер әзірленіп, мемлекеттік цифрлық сервистердің бірізді жұмыс істеуіне жол ашылмақ.
Бахтияр Мұхамедқалиев, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры:
- Цифрландыруды тиянақты түрде жүргізу керек. Өзіңіз білетіндей, қала құрылысын бастағанда сәулетшілер «мында мектеп, балабақша болады, мында 5 жолақты жол салынады» деп инфрақұрылымды толық қамтуға тырысады. Біздің жұмысымызда да дәл солай. Тек біз мұны цифрлық форматта жүзеге асырамыз. Бірақ алдымен оны қалай тиімді құру қажеттігін түсіну үшін осы саланың білікті мамандарымен бірігуіміз керек.
Бұл мақсатта академияға мемлекеттік және квазимемлекеттік органда қызмет атқаратын IT мамандары, архитекторлар және өзге де цифрлық трансформация көшбасшылары тартылмақ. Желтоқсан айының басында ашылатын оқуға алдымен 30 шақты маманды қабылдау жоспарланған. Бірақ Үкіметті қолдау орталығы басшысының айтуынша, күн сайын академияға қызығушылық білдіріп жатқан жандардың қатары артып отыр. Бұған 3 күн ішінде 60-тан астам өтініштің келіп түсуі дәлел.
Ұлжан Оспанова, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының сеньор директоры:
- Негізгі мақсаты – мамандарды біріктіру, оларға бірыңғай көріністі, бірыңғай жолды қалыптастыру. Бірігіп жаңа жұмыс жасағанда, жаңа идеяларды меңгергенде олар ведомствоаралық топтарды құрайды. Өйткені бір салада, мысалы, бір талаптармен ақпараттық жүйені енгізсек, екінші талаптармен екінші ақпараттық жүйені енгізсек, олардың жалпы ұғымы бірдей болмаса, олар сосын бір-бірімен шатасып кетеді, бір-бірімен жалғаспай кетеді.
Платформа реинжиниринг, IT-архиктектура, жасанды интеллект және жобалық менеджмент модульдері бойынша жүргізіледі. Қатысушылардың алғашқы легі тегін оқу алады. Өтінішті 15 желтоқсанға дейін govtec.kz сайты арқылы жолдауға болады.
Авторлары: Назым Кенжебай, Диас Ковланбаев