Астанада жұмысшы мамандықтар байқауы басталды

Бүгін елордада «World Skills Kazakhstan 2025» кәсіби шеберлік бойынша республикалық мерейтойлық чемпионаты басталды. Осымен оныншы мәрте өткізіліп отырған шара техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытып, жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыруды көздейді. 

Еңбек адамының әлеуетін кеңейтуді мақсат тұтқан сайыста бұл жолы еліміздің әр аймағынан 800-ден астам қатысушы мен 700-ден аса сарапшы сынға түседі. Бұл ретте өндірістік, инженерлік, ақпараттық технологиялар, сервис, құрылыс, әлеуметтік қызметтер және креативті индустрия бағыттарына басымдық беріліп, сол бойынша қатысушылар бақтарын сынамақ.

Санжар Тәтібеков, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «талап» ұйымының басшысы:

- Бірінші кезекте бұл - колледждің іріктеуінен өткен балалар. Одан кейін өңірлік чемпионаттың жеңімпазы болғандар. Содан кейін барып республикалыққа қатысып отыр. Республикалықты жеңген балалар келесі жылы әлемдік чемпионатқа жолдама алатын болады. Әлемдік чемпионат Қытайдың Шанхай қаласында өткізілетін болады.

Әуел баста, чемпионат 30 шақты кәсіби дағды бойынша өткізілсе, биыл тізім 45-ке көбейген. Алғаш рет киберқауіпсіздік құзыреттілігі енгізіліп, нарық сұранысына ие мамандық машығы бойынша 12 аймақтан 24 қатысушы келді.

Меруерт Кенжебекова, «Cyberformula3» компаниясының директоры:

- Білім беру саласында бұл бағыттың қарқынды дамып келе жатқанына қуаныштымыз. Себебі әлемде де, Қазақстандағы цифрландыру кезеңінде де балаларға онлайн-ортада дұрыс әрекет ету ережесін үйрету маңызды. Білім беруде бұл бағыт элективті курстар арқылы, яғни киберқауіпсіздік бойынша арнайы оқу бағдарламалары арқылы жүзеге асып жатқаны мәлім. Енді чемпионат арқылы бірінші, екінші және үшінші орын алған қатысушылардың алдағы уақытта осы бағытта дамуда үлкен жол ашылары сөзсіз.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған білім алушылар бүгін таңдалған бағыттары бойынша тапсырмаларды орындап, тәуелсіз сарапшыларды таңдай қаққызуы қажет. Мәселен, кондитерлер мастикадан, кәмпиттен алуан түрлі фигураларды әзірлесе, шаштараздар теңдессіз шаш үлгісін ұсынуы шарт.

Гүлшат Көгелдиева, тәуелсіз сарапшы:

- Бұл алаң жас мамандар үшін өте маңызды. Себебі бағдарлама жұмысшы мамандықтардың абыройын арттыруға арналған. Менің ойымша, кондитер мамандығы, біріншіден — шығармашылық қызмет болса, екіншіден — жақсы табыс әкелетін кәсіп. Адам өз ісіне шын берілсе, жоғары нәтижелерге қол жеткізері анық.

Үш күнге жалғасатын чемпионат нәтижесі 9-желтоқсанда анықталады. Топты жарып шыққан әр бағыттың жеңімпаздары демеушілер тарапынан сый-сыяпатқа ие болап, келесі жылы Шанхайда өтетін WorldSkills халықаралық чемпионатына Қазақстанның атынан шығуға мүмкіндік алады. 

Авторлары: Назым Кенжебай, Галина Ахметова, Диас Ковланбаев