БҚО-да апатты мектеп саны азайды

Батыс Қазақстан облысында соңғы 3 жылда 28 мектеп салынды.

Оның жетеуі «Келешек мектептері» бағдарламасымен бой көтерді.  16 шағын жинақты білім ордасы мұнай-газ кенішін игеруші инвесторлардың қаржысы есебінен тұрғызылды. Тағы 3 мектеп жергілікті бюджеттің,  2 мектеп «Білім берудің инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен пайдалануға берілді. Нәтижесінде өңірде апатты жағдайда тұрған мектеп саны азайды. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші: 

- Орал қаласына қарасты Зачаганск кентіндегі мына мектеп «Келешек мектептері» жобасымен салынған өңірдегі 7-білім ордасы.  Жуырда ғана ашылған 600 орындық оқу орны озық технологиялармен жабдықталған. Мектепте 33 пәндік кабинет, дизайн-технология, робототехника кабинеттері мен хореография залы қарастырылған. Оқу процесін цифрландыру мақсатында барлық сыныптар жаңа үлгідегі интерактивті тақталармен қамтылды. Сонымен қатар оқушылардың қабілетін ұштауға арналған шеберханалар, коворкинг алаңдары бар. Бұрын 10 мыңдай тұрғыны бар Зашаған саяжай серіктестігінің шәкірттері білім алу үшін қашыққа қатынайтын. Енді мектеп мәселесі оң шешілді.

Үзілдік Елеубаева, қала тұрғыны: 

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен Зашаған кенті Құс фабрикасы тұрғындарының сұрауымен көптен бері арман болып жүрген мектеп №53 мектеп ашылып жатыр. Біз ата-аналар өте қуаныштымыз. Себебі бұл мәселе көтерілгеніне он шақты жылдың жүзі болды. Сол бақытқа жетіп жатырмыз.  

Гүлнұр Бақытжанова, мектеп директоры:

- Инженерлік-техникалық білім алуына толықтай мүмкіндік бар бұл мектепте. Білім алып қана қоймай, шығармашылықтарын дамытуына толығымен жағдай жасаған деп айта аламыз. Себебі әрбір шеберхананың өзі балалардың болашақ мамандықтарын таңдауға, ғылыми жұмыстар жүргізуге, әртүрлі жобалар жасауға үлкен мүмкіндік береді. 

Ал жалпы соңғы 3 жылда өңірде 28 мектеп салынды. Оның 7-і аталған жоба бойынша пайдалануға берілсе, 16 шағын жинақты мектеп шетелдік инвесторлардың әлеуметтік-инвестициялық жобаларға бөлген қаржысына тұрғызылған. 3 мектеп жергілікті бюджеттің, 2 мектеп «Білім берудің инфрақұрылымын қолдау» қорының есебінен салынған. Осының арқасында өңірдегі 11 апатты, 6 үш ауысымды және бейімделген ғимаратта отырған 12 мектеп мәселесі шешімін тапқан. 

Елдос Сафуллин, облыстық білім басқармасының басшысы: 

- Жылдың басында 16 апатты мектеп, 13 үш ауысымды мектеп болса қазіргі таңда 8 апатты мектеп, 8 үш ауысымды мектеп қалып отыр. Яғни осы бір жылдың ішінде жасалған жұмыстар нәтижесінде апатты мектептер саны екі есе қысқарып отыр деп айта аламыз және алдағы 8 апатты мектептің мәселесі 2026- 2027 жылдары толық шешімін тапқалы тұр. Себебі 3 мектеп қазір басталып кетті. 2026 жылы қолданысқа беріледі, қалған 5 мектеп 2027 жылы салынады. 

Жыл соңына дейін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Бөрлі ауданында тағы екі білім ордасы тапсырылмақ. Ал 2025–2027 жылдары өңірдегі  86 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. 

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов