БҚО-да жаңадан музей мен мұрағат салынады

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сан ғасырдан жеткен жәдігерлер бүлініп жатыр. Өйткені сыз тартқан жертөледегі қор сақтайтын қойманың жай-күйі тиісті талапқа сай келмейді, деп хабарлайды 24KZ.

Облыстық мұрағатта да жағдай мәз емес. Орын жетпегендіктен, мұнда соңғы жылдары құжаттар қабылдау мүлде тоқтатылған.

Батыс Қазақстан мемлекеттік мұрағаты жарты ғасыр бұрын салыныпты. Әу баста 300 мың құжатқа есептелген ғимаратта қазір 600 мың бірлік құжат бар. Ең көнесі 1832 жылғы. Алайда өңірдің өткенінен сыр шертетін осы маңызды құжаттардың сақталуы сын көтермейді. Орын да жетпейді, бөлме температурасы да талапқа сай емес.

Альбина Шанкишева, БҚО мемлекеттік мұрағатының бас қор сақтаушысы:

– 13–19 градус болып тұр. Негізгі сақтау температурасы 17–19 градус болуы керек. Бірақ қазіргі таңда 13 градус болғанымен, қыстың суық кездерінде температура минусқа дейін түсіп кетеді. Қатты суықтан кейін күн жылынған кезде құжаттар дымқылданады. Қағаздар дымқылданғаннан кейін көгереді, шаң-тозаң түседі. Олар ескі құжат болғандықтан жазулары өше бастайды, қағаздары көнере бастайды. Сондықтан бұл сақталуына кері әсерін тигізеді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жағдай да мәз емес. 1884 жылы салынған көне ғимараттың іші соңғы рет осыдан 25 жыл бұрын жөнделіпті. Көрме залдары да, қор сақтау қоймасы да осы жалпы аумағы 2 мың шаршы метрге жетпейтін ғимаратта орналасқан.

Жантас Сафуллин, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

– Сырты жылтырап тұрғанымен, қазіргі ахуалы өте қиын. Себебі кірпіш тастан салынған. Осыдан 25 жыл бұрын жөндеу жүргізілген кезде сырты гипсокартонмен қапталған. Қазір төбесі мен шатырының жағдайы нашар болуына байланысты қар немесе жаңбыр жауған кезде шатырдан су ағады. Су қабырғалардың бойымен төмен түсіп, олардың барлығы үгітіліп, құлап жатыр. Жалпы бұл ғимарат халықты қабылдауға өте таршылық етеді.

Күні бүгін көрме залдарына 1800-дей экспонат қойылған. Ал қалған 200 мыңдай жәдігер жертөледегі сыз тартқан қоймаларда жатыр.

Гүлзада Бақытова, музейдің бас қор сақтаушысы:

– Нұсқаулық бойынша әр жәдігердің өз орны, өз тартпасы болуы керек. Бізде амал жоқтықтан осылай сақтауға мәжбүрміз. Мынаның үстіне қоюға да болмайды. Қоятын жер жоқ, сондықтан үстіне қоямыз. Мысалы, киімдеріміз міне, осы шифоньердің ішінде сақтаулы. Шифоньердің өзі де – жәдігер. Былғары бұйымдарға көк түседі, ылғалданады. Сондықтан бүлініп жатыр. Мысалы, жасыратыны жоқ, амалымыз жоқ болғандықтан жазда сыртқа шығарып, күнге кептіреміз. Солай сақтап келе жатырмыз.

Музей мен мұрағатқа жаңа ғимарат салу жайы көптен айтылып келеді. Алайда нәтижесіз еді. Биылғы Жолдаудан кейін сең қозғалғандай. Жолдауда Президент барлық өңірде әлеуметтік және инфрақұрылымдық құрылысты қарқынды жүргізу қажеттігін айтып, жаңа нысандар салуды міндеттеген еді.

Медхат Қамбетов, БҚО мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Алдағы жылға БҚО архиві мен БҚО тарихи-өлкетану музейі және Жайық қалашығы музейін ұсынып отырмыз. Қаржы басқармасымен, құрылыс басқармасымен талдау жұмыстары жүргізілуде. Қажетті құжаттарды дайындап, келесі 2027 жылғы жоспарға енгізсек деген жоспарымыз бар.

Соңғы 4 жылда өңірде 17 мәдениет нысаны бой көтерді. Күні бүгін аудандарда екі мәдениет үйі салынып жатыр.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Сондай-ақ оқыңыз: