Мектептердегі цифрлық білім ресурстарын пайдалану деңгейі артты

Өткен жылы ел мектептеріндегі цифрлық білім ресурстарын пайдалану деңгейі 68%-ға жеткен. 

Қазіргі таңда жасанды интеллект мүмкіндіктерін салаға енгізу үрдісі қарқынды түрде жүріп жатыр. Бастама мұғалімдердің күнделікті жұмысын автоматтандырып, әр оқушының қарым-қабілетіне сәйкес, жеке оқыту бағдарламасын әзірлеуге  мүмкіндік беріп отыр. Технологиялық жаңашылдықты оқу процесінде қолдану барысы Астанада өткен республикалық семинарда айтылды. Ұстаздар қауымы бас қосқан жиында өзгерістер дәуіріндегі педагогтың жаңа рөлі қандай болуы керек деген сауал сараланды. Шәкірттерге ЖИ-ді қауіпсіз әрі этика­лық қолдануды меңгертудің тиімді жолдары ұсынылды. Мұнымен қоса, шара барысында робототехника бойынша жобалар көрмесі өтті. 

Бексұлтан Басықара, қалалық № 93 мектеп-лицейінің директоры: 

- Кез келген жаңадан шыққан ЖИ құралдарын біздің әріптестеріміз, мұғалімдер тиісті деңгейде соларды қолданып, білім беріп жатыр. Біздің мектепте жасанды интеллект негізгі даму бағытымыз ретінде айқындалған. Сондықтанда барлық сабақтарымызда ЖИ қолданылады.  Бұл жерде академиялық адалдықты сақтауға көп мән береміз. Сондай-ақ ЖИ-ді тек қолдана салмай, құндылықтармен біріктіріп беріп жатырмыз.