Қызылордалық оқушылар озық технологияларды меңгеріп жатыр
Қызылордалық оқушылар озық технологияларды меңгеруде.
Басты мақсат – уақыт талабына сай білікті маманды мектеп қабырғасында даярлау,-дейді ұстаздар. Жасанды интеллект ұстаздар мен оқушыларға қалай көмектеседі?
Алтыншы сынып оқушысы Аршат нейрожелінің тілін меңгерген. Ол жасанды интеллект көмегімен қазақтың ою-өрнектерін сызып, қолмен салынған суреттерді бейнежазбаға айналдырады. Ізденімпаз оқушының айтуынша, бұл технология ұлттық киімдердің үлгісін жасауға таптырмас құрал.
Аршат Алпысбай, оқушы:
- Бірінші камераға түсіріп аламыз, одан кейін соны сохранять етіп, бағдарламасына кіріп, орнатып, ол сурет тіріледі. Андай, жаңағы, сулар ағады, кейіпкерлер қозғалады. Мен ақпараттық технологиялық мамандыққа түскім келеді. Жасанды интеллект арқылы кинофильмдер, мультфильмдер түсіру менің арманымда, ойымда бар.
Аршат сияқты креативті жастардың қатары көбеюі мүмкін. Қызылордада өткен республикалық семинар осыған бағытталды. Мұнда көркем еңбек пәнінің мұғалімдері бас қосты. Олар баланы еңбекке баулудың тиімді әдістерімен бөлісті.
Ләззат Атыбай, көркем еңбек пәнінің мұғалімі /Астана/:
- Тек қана өрмекпен тоқу дегенде, тоқуды ғана ойлайды адам. Ал негізінде бұл кішкентай ғана құрал баланы тәрбиелейтін құрал. Ол бала өзі білмейді, кішкентай нәрсені тоқып отырады да, ол болашақтағы кәсіпке жол ашқанын білмей қалады.
Енді «Көркем еңбек» пәніне IT-технологиялар енуі мүмкін. Мамандар бағдарламаны жаңартуды ұсынып отыр. Заманауи жүйенің пайдасы мен зияны електен өтеді.
Дидар Бекбаев, республикалық қосымша білім беру орталығының бөлім жетекшісі:
- Еңбекке баулу пәнінде жаңаша, жаңағыдай мына IT технологияға, содан кейін искусственный интеллект — жасанды интеллектке байланысты өзгерістер, толықтырулар болуы мүмкін. Әртүрлі ұсыныстар болып жатыр. Оның пайдалы да жағы бар, зиянды да жағы бар. Соның екеуінің ортасынан ортақ шешімді табуға тырысып жатырмыз.
Еліміздің әр аймағынан жиналған үздік идеялар білім беру бағдарламасына енуі мүмкін. Басты мақсат – уақыт талабына сай маманды мектеп қабырғасынан бастап даярлау, дейді ұстаздар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин