Түркістанда өңіраралық AI хакатон басталды
Түркістанда оқушылар мен студенттердің қатысуымен «Қаржылық қауіпсіздік цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» атты өңіраралық AI Хакатон басталды.
Қаржылық қауіпсіздікті реттеу, көлеңкелі экономиканың жолын кесіп, алдын алу және мемлекеттік бақылау тетіктерін цифрлық технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған сайысқа еліміздің 4 өңірінен 114 команда қатысып, 5 бағыт бойынша бақ сынап жатыр.
Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-курс студенті Аслан Елеусіздің жобасы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі түрлі заңсыздықтарды әшкерелеуге бағытталған. Оның айтуынша, жасанды зердеге негізделген жүйе затты сатып алу барысында баға айырмашылығын бірден анықтауға көмектеседі.
Аслан Елеусіз, студент:
- Алып жатқан тауардың барлық техникалық құжатын, анализдерін ЖИ жасайды. ЖИ жеті бағыт бойынша жасайды. Яғни FDP-тің ішіндегі барлық орфографиялық немесе тәуекелдерді, заңға қайшы әрекеттердің барлығын қарайды және оны ескереді. Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі бүкіл қайшылықтарды анықтап беретін жоба.
Ал болашақ IT маманы Ислам Абдулқадыр шетелге шығарылатын транзакцияларды бақылау - капиталдың заңсыз жылыстауын анықтауды қолға алған. Жас дарын бұған дейін де қаржылық қауіпсіздік бойынша бірнеше байқауға қатысып, жеңімпаз атанған.
Ислам Абдулқадыр, студент:
- Ақпен белгіленгендер ең басты фигуранттар, қалғандары екінші кезекті. Ең басты мына екеуін тексерсеңіз, яғни алақтық схема болатын болса, соның түбіне осы екеуі арқылы жетесің деген сөз. Яғни ЖИ сізге анализ жасап береді. Картада басатын болсақ, бұнда халықаралық аударымдар көрінеді. Бір мекеме 100 млн теңге алатын болса, бірақ нақтысында 200 млн болады. 200 млн қайдан келді деген сұрақ болады. Оны оффшорлық счетарға жіберуі мүмкін. Оның бәрі картада көрсетіледі. ЖИ соны белгілеп, анализ жасап береді сізге.
Екі кезеңнен тұратын сайысқа Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан 400-ге жуық болашақ IT саласының мамандары қатысуда.
Ержан Тайжан, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі:
- Өз технологияларымыздан бөлек жастардың ұсынып жатқан жобаларымен танысқымыз келеді. Өйткені технологиялар дамыған заманда ЖИ мүмкіндіктерін қолдана отырып, қаржылық қауіпсіздік мәселелерін реттеу сынды бағытта өздерінің шешімдерін ұсынады. Сондықтан біз үшін бұл өте тың бастама. Біз араларынан үздіктерді анықтап қана қоймай, IT шешімдерді өз жұмысымызда қолдануды жоспарлап отырмыз.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Қаржылық қауіпсіздік инфрақұрылымын заманауи технологиялар арқылы күшейтуге және жаңа буынның зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған сайыс ертең өз мәресіне жетеді. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықпен марапатталады. Айта кетейік, өңіраралық AI Хакатонды «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш