«Келешек мектептері» жаңа технология енгізудің алаңына айналды
«Келешек мектептері» жаңа технологиялар енгізудің тәжірибелік алаңына айналып жатыр.
Бұл туралы сала вице-министрі Шынар Ақпарова брифингте айтты. Жобаның операторы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы. Онда ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық оқу-тәрбие үдерісін әдіснамалық және мазмұндық тұрғыдан сүйемелдеп, цифрлық шешімдерді енгізеді. Кадрлық іріктеу де мойнында. Педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз етіп, білім сапасын тұрақты негізде талдап отырады. Елде 183 «келешек мектебінде» 218 мыңға жуық оқушы білім алып, 17 мыңдай педагог еңбек етеді. Қала мен ауыл арасындағы білім беру алшақтығын азайтуға басымдық берілген. Жаңа мектептердің едәуір бөлігі ауылдарда орналасқан. 183 директор мен 800-ден астам директор орынбасарынан тұратын басқару корпусы қалыптасқан. «Қайтқан малда қайыр бар»,-демекші білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаржымен толығып келеді.
Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Бізде осы қор қаражаты есебінен 2023 жылдан бастап шамамен 100 мың оқушыға арналған 90 білім беру нысаны қаржыландырылды. Бұл жалпы сомасы 153 млрд. Бүгінгі таңда осы 90 білім беру нысанының 81-і толығымен аяқталды. Қалған 9-ы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі.