Digital Nauryz: Түркістанда жасанды зердені үйрету іс-шарасы өтті

Түркістанда Digital Nauryz жобасы аясында жасанды интеллекттің мүмкіндіктеріне арналған ашық оқыту іс-шарасы өтті.

IT саласының мамандары қаладағы халық көп жиналатын ірі сауда үйінде жастар мен қала тұрғындарына заманауи цифрлық құралдарды таныстырып, жасанды интеллектті қалай қолдануды үйретті.

Наурызнама он күндігі аясында Түркістан хаб орталығының IT мамандары сауда үйі алаңында тұрғындарға жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін таныстырды. Мұндай формат жасанды интеллекттің кең аудиторияға қолжетімділігін арттырады. Әсіресе жастардың жақсыны үйренуге деген талпынысы қуантты.

Бабыр Бакаев, 10-сынып оқушысы:

- Жаңа технологиямен таынсып, ЖИ видеоларды өзгертіп, суреттерді жаңа нұсқада шығарумен таныстық. Досым екеуіміз бүгін суреттерімізді салып, басқаша нұсқада ол суретті тірілтіп жасадық. Әсер өте күшті. Бұрын соңды білмеген заттарды үйреніп, жасап шығардық.

Мамандар ЖИ-ге жастардың қызығушылығы жоғары болғанымен көпшілігі Chatgpt сияқты қарапайым түрлерін ғана меңгергенін айтады. Сондықтан сапалы контент жасаудың жолдарын көрсетіп, қызығушылығын оятты.

Бекзат Әбсадық, Түркістан хаб менеджері:

- Біз Grok деген ЖИ арқылы видео жасауды үйреттік және бізде elevenlabs деген ЖИ бар, сол арқылы дауыс жазуды үйреттік жастарға. Көбісі ЖИ арқылы сурет жасауды қалаған екен. Біреу Парижде болғанын қалады, біреу 15-ғасырдағы қазақ стилінде жасағысы келді суретті. Біз қалай дұрыс жасау керектігін түсіндірдік. ЖИ түсіндіру арқылы олар өздеріне де, болашақтарына да көптеген пайдалы кеңестер алды.

Ашық оқыту барысында мамандар қатысушыларға жасанды зердені күнделікті өмірде, оқу мен жұмыста, контент жасау мен мемлекеттік қызметтерді алуда қалай қолдану керектігін де түсіндірді.

Әлихан Сламбек, Түркістан хаб директоры:

- Түркістан қаласының жастары, IT қызығушылары өзінің цифрлық сауаттылығын дамытып, өздерінің жобаларын немесе IT-ға қатысты жұмыстарын дамыту аясында өткізіліп жатыр.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Digital цифрлық Наурыз жобасы аясында IT саласының мамандары сауда үйіне келген жастар мен қала тұрғындарына ЖИ-пен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретті. Мен де өзімнің фотоларымды пайдаланып, видео жасауды үйрендім. Соның бір-екеуін сіздермен бөлісуді жөн көрдім. 

- Сәлем, мен бүгін ЖИ туралы үйрендім. Бұл өте қызықты және болашаққа үлкен мүмкіндіктер ашады. ЖИ бізге автоматты түрде мәтін жазуға, сурет жасауға видео құрастыруға көмектеседі. Бұл тек бастамасы ғана! Құрметті Қазақтар, наурыз мерекесі құтты болсын. Ұлыс оң болсын! Әр үйге береке келсін! 

Ашық оқытуға қатысқан көпшілік бұл қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығын арттырып, жасанды интеллектті пайдалану мәдениетін дамытуға мүмкіндік беретінін айтады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш